Атырау облысында құрма тормен теңізде балық аулауға тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында құрма тормен теңізде балық аулауға тыйым салынды

05.10.2021

Атырау облысында құрма тормен теңізде балық аулауға тыйым салынды. Ал, балықшылар мұндай шектеуге наразы. Жыл сайын балық өнімдерінің 80 пайызын экспорттап отырған олар, биыл жоспарды орындай алмаймыз деп алаңдаулы. Мәселенің мән жайын Жандос Темірғали сабақтайды.
Теңіз тамағына шығар тұста тұрып қалған инспекторлардың кемесі. Қозғалтқышына синтетикалық қытай торы оратылып қалған. Мұндай жағдай жиі кездеседі. Бір реттік ау-техника түгілі, судағы тіршілікті жойып барады. Жайық-Каспий бассейнінен 3 жылда 12 мыңнан астам заңсыз ау-құралы жиналған.
Нұрлыбек Гайсин, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
Түседі де өліп қалады. Өліп қалған балықтың үстінен балықшысы болсын, браконьері болсын үстінен қарайды да керегін, пайдалысын алып қалады да, өлгенін тастап жүре береді. Көпшілігі іріп-шіріп, пайдасыз болып қалады. 
Қыркүйектен бастап, теңіздегі балықты «вентерь» деп аталатын құралмен аулау міндеттелді. Оның артықшылығы -түскен балық тірі қалады. Алайда құрма ауын ерте сайлаған кооперативтердің кейбірі вентельді сатып алуға қаржы жоқ деп отыр. Болған күннің өзінде онымен балық аулау қиын әрі тиімсіз көрінеді.
Қадіржан Бозаев, Жайық-Каспий бассейні бойынша «BD балық шаруашылығы қауымдастығының» Атырау облысындағы өкілі:
Олар қыс бойы дайындалды. Жарты миллионнан ақша шығарып, сеткаларын құралдарын алып дайындалып жатқан кезде, рас запретили. Енді вентель дейді. Қазір вентель алатын ақшалары жоқ. Өздері қарызға кіріп алып жатыр.
Қайткенде де құрма аудан қауіп көп дейді мамандар. Тор су астында шірімейді. Құрып бара жатқан бекіре мен итбалық жиі түседі. Ғалымдар, түрлі фактордың кесірінен қарапайым көксерке балығы 4 есеге ал, қара көз 2-3 есеге азайғанын айтады. Дегенмен, мамандар тығырыққа тірелген кооперативтердің мәселесін тағы бір талқыламақ.
Аян Бахиянов,  балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
Биыл емес, ендігі жылдан мүмкін енгізесіздер деген ұсыныс келіп түсті. Біздің ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, ғылыми ұйымдардың биолгиялық негіздемесі экологиялық сараптамадан өткен. Соның бәрін қорытындылаймыз. Тағы да бір табиғат пайдаланушылардан түскен ұсынысты талқылаймыз.
Өткен жылы 18 мың тонна лимиттің 14 мың тоннасы игеріліп, 10 мың тоннадан астам балық өнімі экспортталды. Егер биылғы жоспар орындалмаса, сыртқы сауда түгілі ішкі нарықты қарық қыла алмаймыз деп алаңдайды балықшылар.

Жандос Темірғали, тілші:
Жайықтың құрғауы мен теңіздің тартылуы мәселені одан бетер ушықтырып тұр. 2006 жылдан бері өзен жарытып тасымады. Кейбір бөлігінде кемелер қайраңдап қалып жатыр. Оның үстіне таяз суда балық аулау мүмкін емес. Соған қарамастан, өңір балықшылары шілдеге дейін бекітілген 20 мың тоннадан астам лимитті игеруі тиіс. 

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу