Басты Жаңалықтар Жұмыссыз азаматтар жаңа мамандықты тегін меңгере алады

Жұмыссыз азаматтар жаңа мамандықты тегін меңгере алады

Қазақстанда жұмыссыз жүрген азаматтар мемлекет қолдауымен жаңа кәсіпті тегін игеріп, біліктілігін арттыра алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Бағдарлама аясындағы оқу мерзімі алты айға дейін жалғасады. Осы кезеңде қатысушыларға ай сайын 43 500 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Бұдан бөлек, 17 300 теңге мөлшерінде жол жүру шығындары өтеліп, тұрғын үйді жалдауға 65 000 теңгеге дейін қаржы қарастырылады. Міндетті медициналық тексеруден өту шығындарын да мемлекет өз есебінен төлейді. Жаңа мамандықты жұмыс берушінің кәсіпорнында тәжірибе арқылы меңгеруге де мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда қатысушыларға 86 500 теңге көлемінде жалақы төленеді. Қашықтан оқуды таңдағандар үшін Skills.enbek.kz платформасында тегін онлайн курстар қолжетімді. Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері осы бағдарлама арқылы 37 мыңнан астам жұмыссыз азамат білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игерген.

Бөлісу