Егістіктің 95 пайызы орылып, қамбаға құйылды. Бүгін Үкімет отырысында Премьер Асқар Мамин осылай деді. Қазір әлемдегі бидай бітік шықпай, өнім азайған. Бұған ауа райының қолайсыздығы әсер еткен. Қазақстанда 18 млн тонна дәнді дақылдар мен майлы дақылдар жиналмақ. Соның ішінде 90 пайызға жуығы дәнді дақылдар. Құрғақшылық салдарынан бидай көлемі азайса да, ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілген. Одан асқан, 6,5 млн тонна бидай шетке экспортталмақ.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
21 қыркүйектегі жағдай бойынша Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 119 мың тонна астық жеткізілді. Бұдан бөлек Азық-түлік корпорациясының 426 мың тонна көлеміндегі резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі, қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады.
Сондай-ақ, Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары мақұлданды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, қаланы дамытуға алдағы үш жылда 932,8 млрд теңге жұмсалмақ. Қыруар қаржыға тұрғын-үй салынып, әлеуметтік сала, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді жақсарту көзделген.
Ғабит Бөкенбай