Елбасы «Назарбаев университетінің» президенті Шигео Катсуды қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Назарбаев университетінің» президенті Шигео Катсуды қабылдады

16.09.2021

Алматы қаласында Назарбаев университетінің кампусы ашылады. Ол жасанды интелекті бағытында терең зерттеу жүргізумен айналыспақ. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқу ордасының ректорымен кездесу кезінде айтты. Шигео Катсу тұңғыш президентке университеттің 10 жылда жеткен жетістіктері мен алдағы стратегиялық даму жоспары туралы баяндады.

Халықаралық деңгейде танымал, үздіктер мен озықтар топтасқан Назарбаев университеті атты білім брендін қазіргі таңда алыс-жақын елдер тегіс мойындайды. Ілім-ғылымның ошағында әлемнің маңдай алды профессорлары дәріс оқып, жас ғалымдар дүркін-дүркін тың жаңалықтар ашып жатыр. 2010 жылдан бері есігін айқара ашқан университет қысқа ғана уақытта батыстың үздік оқу орындарымен терезесі тең дәрежеге жетті. Бастысы отандық ғылымның дамуына серпін берер білікті мамандардың ордасына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Жас мемлекетімізге заманауи кадрлар қажет болды, сондықтан алдымен «Болашақ» бағдарламасын жарияладым. Уақыт өте келе бакалаврларды «Назарбаев университетінде» даярлай бастадық. Мен осы жоғары оқу орнына жиі барып, диплом тапсыру рәсіміне қатысып тұрамын. Университеттің келешегі зор. Қазір ол көптеген отандық жоғары оқу орындарына үлгі болып отыр. Осының бәрі – сіздің еңбегіңіздің жемісі.
Дегенмен жеткен жетістікті қанағат тұтып тоқтап қалуға болмайды. Үздіктердің қатарында болу үшін тоқтаусыз даму қажет. Елбасы жасанды интелекті технологияларын қолдану мен дамыту бағытындағы жобаларды белсенді түрде дамыту керектігіне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Біздің бағдарламамыздың келесі даму кезеңі – Жасанды интеллект кампусын ашу. Оны Алматыда құру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға қатысатын шетелдік компаниялармен келіссөз де жүргізілді.
Университет ашылғаннан бері 5 мыңнан астам ғылыми мақала жарық көріп, 300 ғылыми жоба жүзеге асты. Зерттеулердің сапасы бойынша оқу орны Еуразиялық кеңістікте үздік ондықтың қатарында. Бұл дегеніміз кәрі құрлықтың сан ғасырлық тарихы бар университеттерінің өзі біздің ғалымдардың ой-тұжырымдарына құлақ асып, сілтеме жасайды деген сөз. Елордалық оқу орнының да миссиясы осы. Дарынды, білімді адами капиталдың күшімен Нұр-сұлтан қаласын алып құрлықтың ілім-ғылым әрі мәдениет орталығына айналдыру.
Шигео Катсу, «Назарбаев университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті:  
Елбасы бізге ең әуелі ғылыми-зерттеу университетін құруды тапсырған еді. Оқу орнына кез-келген адам түсе алады. Мен біздің алдағы жоспарымыз туралы баяндадым. Соның ішінде Алматы қаласындағы жасанды интелекті кампусының концепциясын талқыладық. Ең әуелі ол қазіргі таңдағы цифрлық технологияларға байланысты туындап отырған мәселелерді нақты шешу үшін бағытталған. Болашақта жасанды интелекті барлық салада болады. Сол себепті біз білікті жас мамандарды әзірлеуіміз керек. 
Бүгінде Назарбаев университетінде 7 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Оларға білім әлеміне тереңінен енуі үшін барлық жағдай жасалған. Материалдық базасы ең жоғары деңгейде. Бастысы оқу ордасының теориялық білім мен ғылымы әрі өндірісі бір арнаға тоғысып, жүйеленген.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу