Алматыдағы жетімдер үйінде жанжал шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы жетімдер үйінде жанжал шықты

15.09.2021

Алматыда ерекше қажеттіліктері бар жетім балалардың мамандандырылған «Жанұя» кешенінде жанжал шықты. Тәрбиеленуші қыздардың бірі екіншісіне қатыгездік көрсетіп, ұрып-соққан. Сондай-ақ балалар үйінде зорлық-зомбылықтар болатыны, бүлдіршіндердің күтімсіз жүретінін дәлелдейтін фото,бейнежазбалар тараған. Қазір құзырлы органдар тергеуді бастап кетті. 

Бүгінде мамандандырылған кешенде 250 қызметкер жұмыс істейді. 500-ден астам бала тәрбиеленеді. Оның 89-і - тұл жетім. Жазира Шәпиева 7 жылдан бері басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген. 1 апта бұрын жұмыстан шығарылыпты. Айтуынша, соңғы уақытта тәрбиеленуші балалар арасында бір-бірін ұрып-соғу, ұрлық жасау, тіпті, өз-өзіне қол салу фактілері көбейген. Ал соңғы жанжал жылдар бойғы былықтардың бетін ашты дейді.

 Жазира Шәпиева, «Жанұя» мамандандырылған кешенінің бұрынғы қызметкері:
 Ол видеоны әңгімелесу барысында мен балалардан алдым. Назираның өзі келіп жылады маған. Мені ұрып-соқты деп. Точно ма, сенің кінәң қандай дегенде осы видеоны маған көрсетті. Сол күні директорға мәлімдеме жасадым.Ол білді.

 Бейнежазбадағы қос қыз да - колледж студенттері. Екеуінінің не үшін ерегісіп, жанжалдасқаны әзірге белгісіз. Ал директордың міндетін атқарушы Марина Дәулетбекова жаға ұстатарлық жазбаны кеше ғана көріп, талып қала жаздадым дейді.

 Марина Дәулетбекова,«Жанұя» мамандандырылған кешені директоры:
 Мен бұл видеоны кеше кешкі 10-да бірінші рет көрдім. Бірден полиция департаментіне арыз жаздым. Мен бұл балалардың қамқоршысымын. Бүгін таңертеңнен бастап тәрбиешілер мен видеода болған балаларды жинап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірістім.

 Басшының айтуынша, балалар үйінде тек 32 камера қойылған, бүкіл жағдайды бақылауда ұстау мүмкін емес екен. Алып кешенге кемінде 100-ден аса камера орнату қажет.

Аружан Саин, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
 Мұндай келеңсіз жағдайға қалай жол берілді? Неге полицияға хабарланбаған? Қазір анықталып жатыр. Бізде заң талабы бар. Балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық әрекеті жасалса, оны уақытында хабарламаса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Өкінішке орай, ерекше қажеттілігі бар мекемелерде балалар өз-өзін қорғай алмайды.

Соңғы жанжалға қатысты Алматы қаласының полиция Департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Ал қалалық прокуратура 9 ай бойы Балалар үйінде жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның барысында мекеме қызметкерлерінің жалақысын негізсіз артық төлеу, орындалмаған жұмыстарға қаржы бөлу сынды заңбұзушылықтарды анықтаған. Соның кесірінен 58 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты ұрланғаны белгілі болды.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу