Бүгін елордада XVII Еуразиялық Медиа Форум басталды. Шара үш күнге созылады. Форум аясында шеберлік кластары мен дөңгелек үстел және түрлі пікір таластар өтеді деп күтілуде.
Ләйла Дулатқызы, тілші:
Елордадағы Nazarbayev Ortalygy-на әлемнің түкпір-түкпірінен медиа саланың кіл мықтылары жиналды. Мамандар ақапаратты сектордағы соңғы трендтерді талқылап, өзара пікір алысып жатыр. Жиын оффлайн өткенімен, онлайн-трансляциядан да көруге болады. Бүгін, яғни форумның бірінші күнінде ең өзекті деген тақырыптарды қаузау үшін 2 жиын өтеді. Дәл осы минуттарда : «Түркі тілдес елдердің бұқаралық ақпараттық құралдары. Жаңа шынайылық жағдайында ынтымақтастықты дамыту» атты дөңгелек үстел өтуде. Оған Түркі тілдес елдерінің медиа менеджерлері мен беделді тележүргізушілері қатысып жатыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Ләззат Таныспай әріптестерін ортақ ақпараттық сервис құруға үндеді. Яғни, тарихи-мәдени деректі фильмдер және телехикаялармен алмасу үшін ортақ онлайн платформа құруды ұсынды. Сондай-ақ, ковидпен күрес тақырыбында бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Айта өтейік, корпорация осы күнге дейін коронавируспен күрес және көрермендерді вакцина алуға шақыратын 160 шағын ролик жасады. Ләззат Мұратқызы мұндай роликтермен бөлісуге дайын екенін алға тартты. Сонымен қатар ұлттық арна бүгінде Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан елдерінің мемлекеттік арналарымен контент алмасуды тұрақты жүргізіп келеді.
Ләззат Мұратқызы бүгінде «Abai TV» арнасының эфирінен «TRT AVAZ»-дың бірнеше деректі фильмдері дубляждалып берілгенін атап өтті. Сондай-ақ жақында қырғызстандық бірнеше телеарна қызметкерлері «Қазақстан» телерадиокорпорациясына келіп, ортақ меморандум бекіттілгенін еске салды. Сол кездесулер нәтижесінде қырғыз тарапымен бірлескен Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильмінің түсірілім жұмыстары басталды. Елдегі балаларға арналған жалғыз «Balapan» телеарнасы қырғыз аниматорларымен бірлесіп, ғарыш саласы жайындағы анимациялық жобаның түсіріліміне дайындықты бастады.
Жалпы форумда әлемді жайлаған ковидтен өзге Ауғанстандағы жағдай, оның Орталық Азияға әсері, БАҚ-да сөз бостандығы секілді сүйекті тақырыптар талқыланбақ. Осы орайда Euronews, Bloomberg, қызметкерлері сөз сөйлейтінін атап айтқым келеді.