Қарағандыда 100-ге жуық үлескері бар тұрғын үйдің құрылысы бір жылға кешікті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 100-ге жуық үлескері бар тұрғын үйдің құрылысы бір жылға кешікті

14.09.2021

Қарағандыда 100-ге жуық үлескері бар тұрғын үйдің құрылысы бір жылға кешікті. Наразы тұрғындар бүгін құрылыс басына жиналды. Үлескерлер 2019 жылы пәтер құнының 30 пайызын салған. Оған қоса ай сайын төлем жасап келген. Алайда биыл 3-ші тоқсанның соңында тапсырылуы тиіс үйдің әлі жартысы да тұрғызылмаған. Ал үй бағасы осы уақытта бірнеше есеге өсіп кеткендіктен алғашқы жарнаға салған қаражатты қайтарып алу тұрғындарға тиімсіз болып тұр.

Компания өкілдері болса, құрылыстың кешігуіне бірінші кезекте пандемия себеп дегенді алға тартып отыр. Жұмыс дұрыс жүрмеген. Бұған қоса құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Мәселен, арматураның бағасы 2 есеге, кірпіштің бағасы 60 пайызға өскен. Алайда компания , үлескерлермен арада әу баста келісілген бағаның сақталатынын айтады. Жалпы бұл көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 4 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Соның 700 миллион теңгесі үлескерлердің ақшасы. Қалғанын банк қаржыландырған. Дәл қазір компания құрылысы ертерек басталған екі үйді тұрғындарға тапсырып жатыр.

Айдос Мұқатаев , құрылыс компаниясының төрағасы: 
Банктің беріп жатқан финансы бізге қазір екі үйді тапсыруға жетеді. Сондықтан кредиттік линияны жапқаннан кейін осы үйге қаржы қарастырып, осы үйге береді. Бірақ осы үйдің құрылысын тоқтатқан жоқпыз. Баға қымбаттады, газаблок қымбаттады, арматура қымбаттады, сол барлығын өзіміздің ішкі финансымыз арқылы шешеміз.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу