Шардара қаласында 80-ге тарта көпқабатты үйдің тұрғындары қыста пеш жағуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара қаласында 80-ге тарта көпқабатты үйдің тұрғындары қыста пеш жағуға мәжбүр

15.09.2021

Түркістан облысының Шардара қаласында сексенге тарта көпқабатты үйдің тұрғындары жылдар бойы пеш жағып келеді. Жаз келсе қауіптілігіне қарамастан газ баллонын пайдаланады. Былтыр құбыр тартылғанымен, қаржының жоқтығынан жоба жүзеге аспай қалды. Тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.

Шардарағы көпқабатты үйлердің тұрғындары жылдар бойы газ балондарын тұтынып келеді. Қауіпті болса да пәтерлерге осы балондарды кіргізіп, ас-ауқатын дайындайды. Ал, қыста баспаналарын пешпен жылытады. Аудан шалғай болғандықтан көмірдің бағасы да екі есеге шарықтап кетеді.

Гауһар Айнабекова,   Шардара қаласының тұрғыны: 
Біреулері газ балонмен жылытады қыс ауасында. Біреулер көмір тасиды. Светпен отырғандар бар. 30 мың теңгеден көмір алып жатырмыз. Светтің бағасы көтеріліп жатыр. 22 теңгеден болып жатыр. Өзім төртінші этажда тұрамын, қиналып жатырмын.

Шағын шаһарда 75 көпқабатты үй бар болса, соның бәрінде тұрғындар осындай күй кешіп отыр. Қаланың мөлтекаудандарына былтыр газ құбыры тартыла бастағанымен көгілдір отын әлі жоқ.

Қызжар Сапарбаева,  Шардара қаласының тұрғыны: 
Не суымыз жоқ, не газымыз жоқ. Не бала ойнататын орнымыз жоқ, білмеймін бұл басшылар қайда қарап отырғанын. Шыдаңыздар істейміз деп айтқан, әлі жоқ. Хабар жоқ.
Нұрхан Шыңғысбек, "ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ" АҚ Шардара аудандық филиалының директоры 
Мұнайбаза, Бекет, Левый берег үш мөлтекауданға газ берген болатынбыз. Мержігер мекеме биылғы жылдың аяғына дейін жұмыстарын толыққанды бітірсе, сонымен қатар құжаттарын Қазтрансгазға тапсырса, біз биылғы жылы газ қосып береміз.


Мұхтархан Өтенов, Шардара аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы: 
Республикалық бюджеттен 300 млн теңге қаржы қаралып, газ құбырлары желілері тартылды. Келесі жылға нысан өтпелі болып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жәнен аудан әкімі тарапынан бюджеттік өтінім республикалық бюджетке жолдадық. Бүгінгі таңда хабарын күтіп отырмыз.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан ауданның табиғи газға қосылғанына тоғыз жыл. Қазір аудандағы 25 елдімекеннің 8-і көгілдір отынды тұтынып отыр. Алдағы екі жылда Шардара қаласын толық газбен қамту көзделген.  


Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу