Қарағанды облысына қарасты Матақ ауылында жайылымдық жер жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысына қарасты Матақ ауылында жайылымдық жер жоқ

13.09.2021

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Матақ ауылында мал жайылымы жылдан-жылға тарылып барады. Себебі елді-мекен маңындағы шөбі шүйгін шұрайлы жерді жалға алған жекелеген шаруа қожалықтары оны не өздері пайдаланбайды, не елге бермейді,-дейді жергілікті халық. Төрт түлігін қыстан қалай шығарарын білмей шарқ ұрған тұрғындардың базынасын өңірдегі меншілкті тілшіміз Руслан Нұрланұлы тыңдап қайтты

 Матақ ауылында қазір ірілі-ұсағын түгел есептегенде 5 мыңға жуық мал бар. Бірақ жайылым жоқ. Соның салдарынан төрт түлікті көбейту қиын. Елді-мекен маңындағы өріске лайықты жердің барлығы жекенің қолына өтіп кеткен. Ал ауылға тиесілі 14 мың гектар жер 20 шақырым қашықта. Оған күнделікті малды айдап бару мүмкін емес.

Болатбек Тоқмырза, Матақ ауылының тұрғыны:
Малын ұзатып шығара алмайды. Мына жерде дамба құрылған, соның әр жағының барлығы меншік иелерінікі. Ол жерге бұзау кетсе, жылқы кетсін, қой кетсін, отырғаныңыз айғайласып күнде. Мына жақ жол, жан-жақтың барлығы жеке меншік, ауыл халқына мал жаятын жер жоқ.

Төлеу Рахметов, Матақ ауылының тұрғыны:
Анау қалада, анау Астанада жатып жерге ие болып, малыңды қайда бақсаң онда бақ деген әңгіме болмау керек. Алды ма жерді пайдалансын, біздің қарсылығымыз жоқ. Егінін ексін, шөбін шапсын. Жергілікті жерге пайдасын келтірсін.

Жуырда жұрттың ала жаздай шапқан шөбі өртеніп, күлге айналған. Сөйтіп есіл еңбек зая кетті. Енді көрші ауылдан күнге қурап қалған құнарсыз шөпті шабуғамәжбүр. Аудандық жер бөлімінің мамандары бұл жайдан хабардар. Бірақ жерді қорып, халыққа жайылым бөліспей отырғандарды тексере алмайды. Себебі мараторий жарияланған. Заң бойынша шаруашылықтарда қанша жері бар, соған сәйкес мал басы болуы шарт.

Гүлден Тойғанбаева, Қарқаралы аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Жайылымдық жер деп алғаннан кейін тиісті малдары сол жерде жайылу керек. Оған видимо алдында малдары болған жоқ. Сол себептен хабарлама берілді. Бүгінгі күнде ол кісілер түсінік жазды ғой. Енді заңда көрсетілген, бір жылдың ішінде ешқандай жұмыс жүргізілмесе онда уже сотқа береміз.

 Бүгінде Қарқаралы ауданында 1 миллион 737 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер болса, соның жартысына жуығы фермерлерге ұзақ мерзімге жалға берілген. Бірақ соңғы екі жылда 402 мың гектар жердің дұрыс игерілмегендігі анықталып отыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу