Электронды үкімет - eGov порталын ресейлік банк, тіпті қаржылық институт СБЕР дайындаған платформаға ауыстыруға байланысты Цифрлық даму министрлігі не дейді? Қалай түсіндіріп отыр? Себебі алаңдаушылық бар. Кемшіліксіз емес, бірақ отандық платформа қалыптасып келеді емес пе? Тіпті сапалы платформа керек дегеннің өзінде басқа мемлекеттің ірі банкіне неге дайындатады? Бұл азаматтарымыздың, тіпті мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қайшы келетін шешім ғой! Міне, осындай сауалдар қойылып жатыр. Министрдің, министрліктің жауабын Данияр Қайыртай тыңдап көрді.
Әрсен Әубәкіров, Цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының үйлестірушісі:Меморандум келісімшарт болмағанымен, мұндай маңызды шешімдер қоғамдық талқылаудан кейін ғана қабылдануы керек. ІТ мамандар мен құқық қорғаушылардың пікірін былай қойғанда, жеке мәліметтерін тәуекелге тігетін қарапайым азаматтардың ойы ескерілуге тиіс еді. Қазір біз қауіптеніп отырмыз, әсіресе сол жеке деректерге байланысты. Біздің ойымызша бұл – таза саяси шешім. Себебі не экономикалық, не техникалық тұрғыдан ешбір артықшылығын көріп тұрған жоқпыз.
Әрсен Әубәкіров елдегі 15 мың маман жұмыссыз қалады деп те алаңдайды. Өйткені біздің ІТ сектор мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Министрлік те мұны растап отыр. Әрі меморандум айналасында шу шығу себебін де сонымен түсіндіреді. Табысынан қағылғалы тұрған ІТ қауымдастық «отқа май құйып» отыр дейді.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:Қазақстандағы цифрлық мемлекеттік басқару 400 түрлі ақпараттық жүйеден құралған және әрбірінің артында 400 ІТ-команда тұр. Ал олардың иесі бар-жоғы 30 шақты ІТ-компания. Енді олар қыруар қаржы бөлінетін мемлекеттік тапсырыстан құр қалайын деп тұр. Дау тудырмай қайтсін?!
Данияр Қайыртай, тілші:Министрлік даудың басын лоббистерге ысыру арқылы жеке бас мәліметтері үшін қауіптенген былайғы жұрттың уәжін құнсыздандыруға тырысқандай ма?.. Алайда осы эфирде Бағдат Мусин оған алаңдауға негіз жоқ деп айтқан. Министр бұрыннан қолданыста жүрген 1С:Бухгалтерия, SAP, Microsoft пен Oracle өнімдерін мысал ретінде келтірді. Әр түрлі елде шығарылатын осы ақпараттық жүйелер арқылы ешқашан деректер сыртқа тарамағанын алға тартты. Ол мүмкін де емес көрінеді.
Тимур Бектұр, IT-сарапшы, аналитик:Біздің желімізде, компьютерімізде қондырылған қандай да бір ақпараттық шешімге оны жасаған адамның қолы жетпейді. Себебі ол біздің компьютерімізде сақтаулы. Бірақ принциптік тұрғыдан келетін болсақ, оның үстіне алдын ала аналитика жасалмай жатып, және біздің қолымызға бұл қондырғалы жатқан Сбер говтех деп аталатын платформалық жүйенің архитектурасын көрмей жатып 100 пайыз кепілдік беру, оның қауіпсіздігіне бас шұлғу қиын болып тұр.
Асқар Жамбакин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:Біз бөтен елдің аумағында орналасқан платформаны қолданайық деп отырған жоқпыз. Біз солардың технологиясы мен өнімін Қазақстандағы серверлер негізінде пайдаланамыз. Демек ондағы мәліметтерге сырттағылардың қолы жетпейді.
Жанерке Егеубаева, Astana Hub корпоративтік инновациялар және цифрлық құзыреттер кеңсесінің директоры:Біз Сберге қойған ең басты талап – серверлер тек қана Қазақстанда болады. Сбер бізге өзінің бағдарламалық қамтамасыз ету кодтарын ғана береді және бізге сол кодтармен жұмыс істейтін сарапшыларға сессия жүргізеді. Алайда ол платформамен тек өзіміз жұмыс істейміз. Мысалмен айтқанда біз қазір жүздеген ескі лашықтардың орнына заманауи көпқабатты үйді ұсынып отырмыз.
Яғни бағанадан айтылып отырған, түрлі мемлекеттік орган иелік ететін 400 ақпараттық жүйе он есе қысқартылмақ. Жаңа платформа сол 40 шақты жүйеге ғана негізделеді деп түсіндіреді министрлік.
Асқар Жамбакин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:eGov деген тек сайт қана. Ал оның артында мемлекеттік органдардың 400 түрлі ақпараттық жүйесі тұр. Сондықтан күрделі операциялар кезінде сайт «қатып» қалады. Себебі керек мәліметті бірнеше ақпараттық жүйеден жинайды. Былтыр 42 500 таратылған кезде бұған бәрінің көзі жетті. Ал платформалық модельге көшсек бүкіл ақпарат бір жерге топтастырылады. Тиісінше жүйе қателіксіз және жылдамдырақ жұмыс істей бастайды.
Ең қызығы – бұған дейін eGov-қа шаң жуытпай келген министрлік оның кем-кетігін бір-ақ күнде мойындай қалғаны дейді IT-сарапшы Тимур Бектұр.
Тимур Бектұр, IT-сарапшы, аналитик:Аяқ астынан бұның барлығы ары қарай жалғасуы мүмкін емес, бұны тоқтатып, оның орнына платформалық жүйеге өту керек деп жатқаны біріншіден таңғалдырды, екіншіден, министрлікке және Мусинге ІТ қауымдастықтан үлкен сұрақ бар – бұған дейін ресейдің өзінде немесе сырт мемлекеттерде электронды үкіметтің жүйесін жасамаған ұсыныс ретінде ғана бар жүйені осыған дейін жақсы нәтиже көрсетіп келген еговпен алмастыра салу қаншалықты дұрыс?
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:Біз неге қазір Сберді алып жатырмыз? Өйткені біздің қазақстандық компаниялар арасында сондай деңгейдегі платформаларды жасау мүмкіндігіміз жоқ. Қазір жоқ. 3 жылдан кейін, 5 жылдан кейін мүмкін болады. Бірақ 3, 5 жыл деген ол мемлекеттік басқаруда маңызды период деп ойлаймын.
Жоспар бойынша ендігі жылдың көктемінде меморандум келісімшартқа айналмақ. Жобаның қандай болатыны, қалай жүзеге асатыны сонда жазылады. Жоба құны шамамен 500 млн доллар. Бұл бес жылға шақталған сома. Яғни қаражат ресейдің Сбер платформасын алу үшін ғана емес, деректер базасын пайдалануға және сол платформаға әзірлеме жасаушы ІТ-компаниялардың жұмысына жұмсалады.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:Платформаға көшкен кезде ол AppStore сияқты болады. Сол платформаға кез келген адам біліктілігіне сай біздің процестерді ретке келтіріп, бағдарламалық код жасап бізге сатуға мүмкіндігі болады.
Данияр Қайыртай, тілші:Аталмыш меморандумға қол қойылғаннан екі күн бұрын жарияланған жолдауда Президент «Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз» деп осы келісімнің жасалатынын меңзегендей. Яғни екеуара жоба жасалатыны алдын ала келісіліп барып осы саяси маусымның күн тәртібіне енгізілді деген тұжырымға келуге болады. Бірақ сосын президент «Электронды үкіметтің» мүлде жаңа құрылымын жасау керек. Мемлекеттік сектордың барлық ІТ-бастамасы тек қана қазақстандық мемтехтың жаңа платформасына негізделеді» дегенді айтады. Ал оны қазіргі түсінігіміз бойынша дәлірек айтсақ: «Сбердің бағдарламалық кодтары негізінде жасалатын қазақстандық платформа» болып шығатын секілді.
Данияр Қайыртай