Қазақ-неміс орталығы Нұр-Сұлтанда ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-неміс орталығы Нұр-Сұлтанда ашылды

11.09.2021
Қазақ-неміс орталығы Нұр-Сұлтанда ашылды

Германия үкіметі Қазақстан халқына республикада тұратын этникалық немістерге көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақ-неміс орталығының салтанатты ашылуы өтті.

Еске сала кетейік, астанада мұндай орталықты құру туралы келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы Германияға алғашқы ресми сапары кезінде Берлинде қол қойылған болатын.

Орталықтың қызметі Қазақстан немістерінің этникалық бірегейлігін, мәдениеті мен ана тілін сақтауға бағытталады, сондай-ақ екі елдің іскерлік қоғамдастығы үшін диалог алаңы болады.

Таспаны кесу рәсіміне ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Германияның Федералдық Үкіметінің қоныс аударушылар мен аз ұлттар істері жөніндегі уәкілі Бернд Фабрициус, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Альберт Рау, ҚР АҚДМ этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин және басқалар қатысты.

Бернд Фабрициус астанада неміс орталығын ашудың маңыздылығын атап өтіп, Германия үкіметінің атынан Қазақстан халқына республикада тұратын этникалық немістерге көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Орталықтың ашылуының бастамашысы Альберт Рау өз сөзінде: «Бұл жай орталық немесе кеңсе ғана емес – бұл неміс мәдениеті мен дәстүрлеріне қосылғысы келетіндерге толы тірі үй болады», - деп атап өтті. Орталықтың ашылуы мен қызметін қаржыландыруды Германия Үкіметі мен жеке демеушілер жүзеге асырады.

Хабарламаларға жазылу