Басты Жаңалықтар Қазақстан Ауғанстанмен сауда-саттықты жандандыруға мүдделі

Қазақстан Ауғанстанмен сауда-саттықты жандандыруға мүдделі

Ауғанстандағы ахуал еліміздің астық өндірушілерін алаңдатып отыр. Өйткені бұл ел Таяу шығыстағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз. Бидай мен ұнныңжартысы осында экспортталып келген. Бірақ қазір сауда тоқтап тұр. Толығырақ тілшіміз тарқатсын. 

Ауғанстан билігіне тәліптер келгелі, шекара жабылып, сауда-саттық тоқтады. Сол үшін елді қымбатшылық пен тапшылық жайлап жатыр. Бұл әсіресе соңғы күндері анық байқалады. Күнкөріс қиындап, экономикалық проблемалар тек күрделіне түсуде.

Қымбаттайтын жөні бар. Өйткені ас-су таусылып жатыр. Оның үстіне АҚШ-тың Ауғанстан активтерін бұғаттауы, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің көмекті тоқтатуы, ахуалды мүлдем ушықтырып жіберді. Қазір тәліптер шетелден азық алайын десе, есеп айырысатын ақша да таппай отыр. Мұндай кезде гуманитарлық көмек қажет. Өйткені билікке кім келсе де, миллиондаған бейбіт халық ашығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауымдастық бұған бей-жай қарамауы керек дейді. Қазақстан да қол ұшын созуға дайын. Мұны президент кеше жаңа елшілерден сенім грамотасын қабылдау кезінде айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз елде қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз.

Қазір Ауған еліне Қытай, Өзбекстан секілді елдер жәрдемдесуге ниетті. Өйткені әркімніңөз мүддесі бар. Қазақстан үшін де бұл ел негізгі сауда секітестерінің бірі. Мысалы бір одаққа кіретін Армениямен тауар айналым 4-5 миллион доллар болса, Ауғанстанмен арадағы сауда көлемі жүздеген миллион доллармен саналады. Қазақ астығының жартысынан астамы сонда жөнелтіліп келді.

Оңталап Оңалбаев, ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры:
Ауғанстанда біздің өзіміздіңде мүдделеріміз бар. Экономикалық сауда-саттық, экспорт бойынша. Білесіз, Қазақстанның ұн, бидайының 50-60 пайызы Ауғанстан еліне жіберілетін. Мысалы былтыр бізде сауда айналым 600 миллион доллардан асты. Биыл жарты жылдықта 150 миллион ба сондай. Қазір жағдай мынадай болған соң тоқтап тұр.

Тоқтап тұрған сауданың жандануын біздің шаруалар асыға күтіп отыр. Өйткені бірден жаңа нарық табу оңай емес. Сол үшін ауғандармен алыс-берісті қайта бір жолға қою керек дейді. Өйтпесе мол астық қамбаларда шіріп кете ме деп қауіптенеді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, бұл мәселеге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасамады. Белгілісі бидай саудасына қатысты қазір келіссөздер жүріп жатыр.

Досжан Маратұлы

Бөлісу