Алматы облысының Іле ауданында 3 жаңа мектеп қолданысқа берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Іле ауданында 3 жаңа мектеп қолданысқа берілді

02.09.2021

Алматы облысы Іле ауданында Білім күніне орай 3 мектеп қолданысқа берілді. Заманауи ғимараттарда 1800 оқушы білім алмақ. Биыл ауданда жыл соңына дейін тағы бір білім ордасы, ал келесі жылы 4 мектеп ашылады. Соның арқасында білім сапасы артып, үш ауысымдық мектептердің саны азаяды дейді мамандар.

Іле ауданында бұған дейін 8 мектептің құрылысы басталған. Бүгін солардың үшеуі, яғни Қараой ауылындағы 900, Қосөзен елді мекеніндегі 600 және Боралдай кентіндегі 300 оқушыға арналған жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Білім ордаларына түгелдей заманауи құрылғылар қойылып, түрлі пәндерге сай сыныптар жасақталған.

Ләззат Мұрталиева, Іле ауданының тұрғыны:
Мектеп жаңадан салынған. Өте ыңғайлы. Бәрін көріп шықтық. Өте жақсы. Мұғалімдері де жақсы. Өте қуаныштымыз.

Қазір ауданда 56 білім ошағы бар. Жаңа оқу жылында 6500-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Барлығы 61 мыңдай шәкірт тәлім алады. Оқушылар саны былтырғымен салыстырғанда 2 жарым мыңға артқан. Сондықтан, алдағы уақытта жекеменшік мектептерді де көбейтіп, үш ауысымда оқуды жою мәселесі назарға алынып отыр.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:
25 жылы үш ауысымды мектептердің барлығын жою бойынша алдымызға мақсат қойдық. Осындай 19 мектеп бар. Бізде оқушылар саны көбейіп келеді жылдан-жылға. Дегенмен осындай жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Жетісу өңірі бойынша Іле ауданынан бөлек бүгін Қарасай, Ескелді, Панфилов аудандарында да 3 жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу