Дортмундта ҚР құрметті консулының кеңсесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дортмундта ҚР құрметті консулының кеңсесі ашылды

26.08.2021
Дортмундта ҚР құрметті консулының кеңсесі ашылды

Солтүстік Рейн – Вестфалия федералдық жерінің Дортмунд қаласында Қазақстан Республикасының құрметті консулы Бюросының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Еліміздің мүдделерін Германияның ең ірі өнеркәсіптік аймақтарының бірі болып табылатын федералдық жерінде және заманауи озық технологиялар орталығында «WILO SE» басқарма төрағасы мен президенті және Герман экономикасы шығыс комитетінің төрағасы Оливер Гермес қорғайтын болады.


Жаңа Құрметті консулға консулдық патентті табыстай отырып, Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов О.Герместің кәсіби қасиеттеріне, оның бай тәжірибесі мен беделіне ерекше назар аударды. Қазақстандық дипломат сонымен қатар Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жері мен Қазақстан өңірлері арасында тығыз аймақтық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның жаңа Құрметті консулы – Алматы облысында қуаттылығы жылына 2000 дана сорғы қондырғылары өндіретін зауытының құрылысына инвестиция салған «Wilo Group» компаниясының Басқарма Төрағасы. Қазақстандық нарықта 20 жыл жұмыс ішінде «Wilo» сорғылары коммерциялық және әкімшілік ғимараттарда: министрліктерде, «Бәйтерек» монументінде, Алматыдағы Нұрлы-Тау бизнес орталығында және т.б. орналастырылды.

О. Гермес сонымен қатар Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның 29 елінде неміс бизнесінің мүдделерін қорғайтын және Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытатын Германия экономикасының шығыс комитетін басқаруда.

Өзінің жауап сөзінде ол Бюроның ашылуы ҚР мен ГФР арасындағы ынтымақтастықтың жоғары динамикасының көрсеткіші болып табылатынын және елдер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өңірлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге жол ашатынын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы және 2020 жылғы ақпандағы ГФР-ға ресми сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға барынша ықпал етуге әзір екенін білдірді.

Іс-шараға Дортмунд қаласының жоғарғы бургомистрі Томас Вестфаль, «WILO SE» компаниясының басқарма мүшелері, ГФР-дағы ҚР Елшілігінің, жергілікті министрліктерінің, әкімдіктің және Дортмундтың сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері қатысты.


Құрметті консул өзі өкілдік ететін мемлекет пен оның азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоса алғанда, консулдық орналасқан мемлекеттің келісімімен кейбір консулдық функцияларды өтеусіз орындайды. Әдетте, бұл лауазымды қабылдаушы елдің іскер топтарының беделді өкілдері атқарады.

Солтүстік Рейн-Вестфалия – Германияның ең халқы көп федералдық жері болып табылады (шамамен 18 млн. адам). ЖІӨ жылына 700 миллиард еуродан асатын Солтүстік Рейн-Вестфалия сонымен қатар Германияның жоғары өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті бар экономикалық локомотивтерінің бірі. «Fortune» іскерлік басылымының мәліметіне сәйкес, әлемдегі ең табысты 100 компанияның төртеуі Солтүстік Рейн-Вестфалияда орналасқан, бұл оны әлемдегі маңызды өндірістік орталықтардың біріне айналдырады.


Хабарламаларға жазылу