Израильде әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильде әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды

17.09.2020

Израильдің Хайфа қаласында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды. Бұл - еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мен Қазақстанның Израильдегі құрметті консулының мерейтойға тартуы. Ескерткіш тақта Хайфада сонау 60-жылдары ашылған әл-Фараби көшесінің бойына орнатылды. Салтанатты шараға дипломаттар, зиялы қауым өкілдері қатысып, ғұлама ойшылдың философиялық ой-толғамдары жайлы сөз қозғады. Айтулы оқиғаны Қазақстан, Ресей мен өзге елдердің ғалымдары онлайн тамашалады. «Әл-Фарабидің әлемі - адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы»,-дейді еврей жұрты.

Лазарь Каплун, Хайфа қаласы әкімінің орынбасары:

- Ұлы философ, ойшыл әл-Фараби қазақ топырағында дүниеге келіп, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосты. Араб пен еврей кварталдары түйіскен жердегі әл-Фараби көшесінде ескерткіш тақтаның орнатылуы - Хайфа мен Қазақстан арасындағы мәдени қатынасты онан әрі күшейтері сөзсіз. Хайфа қаласы Қазақстанның шаһарларымен бауырластық орнатуға дайын. 

Осы Хайфа қаласында УЕФА турнирі шеңберінде бүгін Алматының «Қайраты» мен Израильдің «Маккаби» командалары кездеседі. Ойынды бүгін Нұр-сұлтан уақыты бойынша кешкі сағат 22:50-де «Qazsport» телеарнасынан көре аласыздар. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу