Еуроодақтың бірнеше елі тұрғындарды екпе алуға мәжбүрлемек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуроодақтың бірнеше елі тұрғындарды екпе алуға мәжбүрлемек

25.08.2021

Еуроодақтың бірнеше елі өз еркімен вакцина салуға құлықсыз тұрғындарды екпе алуға мәжбүрлемек.Өйткені қарт құрлық елдерінде соңғы екі аптада екпе науқаны күрт бәсеңдеген. Оның үстіне Еуропада «Дельта» штамы дендеп барады. Мамандар «халық жаппай екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, күзде эпидахуал нашарлайды»-деп дабыл қағуда. Нұрсұлу Қасым баяндайды.

Францияда сауда үйлеріне, кинотеатр, мейрамханаға кіру үшін, қоғамдық көлікке отыру үшін тұрғындар екпе алғанын, ПТР тест тапсырғанын немесе ағзасында антиденесі бар екенін растайтын санитарлық төлқұжат көрсетуге міндетті. Жаңа ереженің енгізілгеніне екі апта болса да, халықтың оған бағынғысы жоқ. Медицина мамандарын 100 пайыз екпе алуға міндеттеген билік енді полиция қызметкерлерінің де толықтай вакцина алуын қадағаламақ. Тәуекел тобындағыларға екпенің үшінші дозасы салынады.

 Изабель Монтье, эпидемиолог: 
Екпенің үшінші дозасы 65 жастан асқан тәуекел тобындағы азаматтарға, қарттарға салынады. Ол үшін екінші дозаны алғаннан кейін 6 ай уақыт өтуі тиіс. Күзде індет өршісе осы топ өкілдеріне қауіпті. Қазір ауруханаға екпе алмаған жастар көп түсіп жатыр. Халық екпе алуға асығуы тиіс.

Қыркүйектен бастап Грекияда екпе алмағандар қоғамдық орындарға кіргізілмейді. Барлық мемлекеттік, жеке ауруханалардағы медицина қызметкерлері вакцина алмаса, жұмысқа жіберілмейді. Ал, екпе салдыртпаған өзге мамандық иелері аптасына екі рет ақылы ПТР тест тапсыруы тиіс. Эстонияда ертеңнен бастап барлық қоғамдық орындарда тұрғындар маска киюге және қауіпсіздік сертификатын көрсетуге міндетті. Ұлыбританияның Хартпери университеті екпе салдыртпаған студенттерді жатақханаға жолатпайтынын мәлімдеді. Міндетті вакцинацияға қатысты халықтың пікірі екұдай.

Пьер Дори, Мадрид қаласының тұрғыны: 
Бәріміз міндетті түрде вакцина алуымыз қажет. Өзіміздің, өзгелердің қауіпсіздігі үшін маңызды. Мен жақында індет жұқтырдым. Бірақ, екпе алғанымның арқасында бәрі жеңіл өтті.
Тони Ван Гухт, Брюссель қаласының тұрғыны: 
Тұрғындар екпе алмаса дүкенге, мейрамханаға кіре алмайды. Бұл адам құқын шектеу деп есептеймін. Одан да вакцинаның қауіпті емес екеніне адамдарды сендіру қажет сияқты. Сонда бәрі өз еркімен салдырады оны.

Швеция дәрігерлері ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 90 пайызына екпе салу қажет-деген пікірде. Сол үшін Еуроодақ елдері күзде 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге де екпе салу науқанын күшейтпек. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот «балаларды екпе алуға міндеттеу-қоғамның қауіпсіздігі үшін қажет»-деген үкім шығарды.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу