Еуропада пандемияның үшінші толқыны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада пандемияның үшінші толқыны басталды

23.02.2021

Еуропада пандемияның үшінші толқыны басталды. Наурыз-сәуір айларында індет шарықтау шегіне жетеді-деп қарт құрлық елдері дүрлігіп жатыр. Швейцария Президенті алдағы уақытта шетелге сапарлау үшін ковидке қарсы екпе салдырғанын дәлелдейтін сертификат енгізу керектігіне сенімді. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды Брюссельден байланысқа шыққан Нұрсұлу Қасымнан білейік.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуроодақтың әр елі өзінше әрекет етіп жатыр. Мәселен, Чехияда тұрғындар бұдан былай қоғамдық көлікте, дүкендер мен ауруханаларда қорғанышы жоғары FFP2 бетпердесін тағуға міндетті. Ондай жоқ болса, онда бір емес, екі хирургиялық маска тағулары тиіс. Италияда да британдық штамм жұқтырғандар көбейген соң 27 наурызға дейін елдің бір аймағынан екінші аймағына сапарлауға тыйым салынған. Францияда кешкі сағат 6-дан таңғы 6-ға дейін көшеге шығуға болмайды. Үшінші локдаун жарияламас үшін үкімет тұрғындарды карантин ережелерін сақтауға шақыруда. Дегенмен, полиция қызметкерлерлері жүргізген рейд барысында маска тақпай, коммендаттық сағат кезінде көше кезген 180 мың адамға айыппұл салынған. Германияда осы аптада мектептер ашылды. Жақын күндері тәрбиешілер мен мұғалімдерге екпе салына бастайды.
Өткен айда Ұлыбританияда 92 жастағы қарияға өзін дәрігермін деп таныстырған азамат ковидке қарсы вакцина салдым- деп алдап кейуананың 160 фунт ақшасын алып кеткен. Алаяқ ұсталып, үстінен іс қозғалды. Еуропалық алаяқтықпен күрес жөніндегі агенттік мамандары соңғы кездері ғаламтор арқылы жалған екпе сатушылардың қаптап кеткенін айтып, Одақ елдерінің тұрғындарына мейлінше сақ болуды ескертіп жатыр. Тіпті, жақында Бельгияда жалған вакцинаны көшеде 50 еуроға сатпақ болған азамат құрықталды. Еуропол ұйымдасқан қылмыстық топты табуға уәде етіп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу