Тоқаев Мун Чжэ Инмен келіссөздер жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Мун Чжэ Инмен келіссөздер жүргізді

17.08.2021

Қазақстан мен Корея президенттері Сеулде кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Келісім Қасым-Жомарт Тоқаевтың корей еліне мемлекеттік сапары аясында жасалды. Қазақ басшысын Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин қабылдап, салтанатты рәсім өтті. Пандемия басталғалы ресми Сеул жоғары деңгейде алғаш рет кездесу ұйымдастырып отыр. Мемлекеттік сапар аясында қос халық үшін де маңызды қадамдар жасалды. Сеулде Кибер университеті кампусының алдында қазақтың ұлы ақыны Абайдың ескерткіші орнатылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ал қазақ халқы Кореяның тәуелсіздігі үшін күресіп, өмірінің соңғы жылдарын Қызылордада өткерген кәріс батыры Хон Бом Доның сүйегі мен бір уыс топырағын тарихи отанына тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі. Менің Кореяға алғашқы мемлекеттік сапарым аясында екі ел үшін де ардақты тұлғаларды ұлықтап отырмыз. Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айырықша. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. 2018 жылы батырдың туғанына 150  жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған орай арнайы конференция өткізді. Генералдың есімі қазақ елінің жадында сақталады.  Оның мемориалы мемлекет қамқорлығында болады.
 Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті: 
Корея Республикасының тәуелсіздік күніне орай аты аңызға айналған Ұлт батыры генерал Хон Бом Доға құрмет көрсетіліп жатыр. 1907 жылы еріктілер отряды құрылып, Жапонияға қарсы қозғалысты Хон Бом До басқарған еді. Сондықтан біз үшін бүгінгі оқиғаның мәні зор.

Сондай-ақ қос ел басшылары екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды. Сауда-экономикалық байланысқа басымдық беріліп отыр. Тараптар пандемиядан кейінгі кезеңде шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келісті. Серіктестікке тың серпін беру үшін Пусанда Қазақстанның бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу