Президенттің Корея Республикасына мемлекеттік сапары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Корея Республикасына мемлекеттік сапары басталды

16.08.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары басталды. Қазақ басшысы бұл елге президент Мун Чжэ Иннің шақыруымен барды. Сапар барысында ек ел арасындағы әріптестікті дамыту жолдарын қарастырып, бірлескен мәлімдеме қабылдануы тиіс. Бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтіліп отыр. Мемлекеттік сапар аясындағы өзге де жоспарды Сеулде жүрген әріптесім Альбина Әшімнен білейік. 

Альбина Әшім, тілші:
Президент борты елорда уақытымен кешкі сағат бестерде қонды. Бүгінге қандай да бір ресми шаралар жоспарланбаған. Басты кездесулер ертең өтеді. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына алғашқы сапары. Әрі маңыздысы: қазақ басшысы - пандемия басталғалы Корея Республикасына мемлекеттік сапар жасап жатқан алғашқы президент. Сондықтан ресми Сеул жоғары деңгейде дайындалып жатыр. Басты алаңдардың біріне екі елдің ынтымақтастығын сипаттау үшін Қазақстан мен Корея Республикасының тулары ілінген. Сондай-ақ бұл сапар Корея республикасының азаттық күнімен тұспа-тұс келді. Мемлекеттік мерекеде қазақ елі кәріс халқы үшін маңызы зор сый жасамақшы. Қызылордада жерленген Корея батыры, тәуелсіздік үшін күрескен генерал Хон Бем Донның сүйегі тарихи отанына оралады. Былтырдан бері жүргізілген келіссөздер жемісті аяқталып, Қасым-Жомарт Тоқаев сапары аясында кәріс батырының мәйіті туған жеріне жеткізілді. Қазақстанның бұл қадамын кәріс халқы үлкен ілтипатпен қабылдап отыр. Алғыс ретінде болар, Сеулде ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың құрметіне бюст орнатылды. Ертең оның ашылу рәсіміне Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Енді экономикалық бағыттағы жоспарларға тоқталсақ. Қазір қос ел мұнай, машина жасау, құрылыс салалары бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырып жатыр. Осы сапардан кейін әріптестік аясы кеңейе түсуі тиіс. Бұған қатысты Корея сарапшыларының пікірін білген едік.
 Ом Гу Хо, Азия-Тынық мұхиты аймағын зерттеу институтының директоры:
Екі мемлекет Корея экономикасын дамыту платформасы мен Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясында әріптестігін дамыта түседі деп ойлаймын. Әсіресе цифрлық технология, ақылды қалалар мен фермаларға басымдық берілуі тиіс. Біз Қазақстанда жасыл технологиялар мен су ресурстарын басқару бағыттарына ерекше мән берілетінін білеміз. Бұл салаларда да ортақ жобаларға кірісуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар барысында Корея президенті Мун Чжэ Инмен келіссөздер жүргізіп, осы елдің 20 шақты бизнес өкілімен кездеседі. Олардың ішінде алпауыт компания Самсунг президенті де бар. Жалпы, жоспарлар ауқымды, кесте тығыз. Соған сай нәтижесі де көлемді болуы тиіс. Мемлекеттік сапардың қорытындысы ертең белгілі болады. 

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу