Таразда дәмхана қожайыны полициямен алысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда дәмхана қожайыны полициямен алысты

16.08.2021

Елімізде эпидемиялық ахуал өршіп тұрғанына қарамастан той тойлау тыйылар емес. Әр өңірде құрылған мобильді топтар ережені елемеген нысандарды анықтауда. Өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебайдың материалы.

Таразда түнгі рейд кезінде дәмхана иесі тәртіп сақшыларымен дауласып, ішке енгізбей қойды. Тойды тарқату үшін арнайы жасақ алдыртуға тура келді. Кақпаның құлпын бұзуға төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шақыртылды. Жалпы түнгі рейд кезінде карантин талаптарын өрескел бұзған он нысан анықталды. Олардың арасында кинотеатр да бар. Карантинде кино көрсеткен кәсіпкер 700 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Ал, онға жуық дәмхана-мейрамханаларға 640 мыңнан айыппұл салынды. Жауаптылар ережені ескермейтіндердің аз еместігін айтады. Ал, аймақта тәулігіне 100 адамнан кеселге шалдығуда.

 Айдын Алтай,    Тараз қаласы әкімдігінің бөлім басшысы:
Біз енді өзімізге тиесілі жұмысты жасадық. Қазіргі таңда мына ахуалға байланысты күшейтілген түрде 4 группа, 4 жақтан жұмыс істеуде.

Семейде де індет кезінде той-жиын жасайтындар тыйылмай тұр. Мониторингтік топ сенбі күні үйлену тойы өтіп жатқан 4 бірдей мейрамхана мен демалыс базаларын әшкерелеген. Тексерушілер келген бетте қонақтар қаша жөнелген. Тойхана иелеріне қомақты көлемде айыппұл салынды. Жалпы қалада 10 күннің ішінде тексерілген 45 мейрамхана мен түнгі клубтарда осы сынды заң бұзушылықтар анықталған.

Ал Шымкентте қаладағы мейрамханалардың бірі жексенбі күні түнгі екіге дейін ашық тұрған. Кезекті рейд кезінде «Кокос» атты мейрамханада келушілер шамадан тыс көп екені, сондай-ақ олардың кальян шегіп отырғаны белгілі болды. Полицейлер тәртіпке бағынбаған тұрғындарды үйлеріне қайтарып, кәсіпкерлік нысан иесіне әкімшілік хаттама толтырды.

Сәбит Әлдебай 


Хабарламаларға жазылу