Алысты жақындатқан меншікті тілшілер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алысты жақындатқан меншікті тілшілер

21.03.2018

Бүгін таспалы тарихтың тағы бір кадрына көз салайық. Бізде сан түрлі саланы қамтып, шалғай мен шаһарды назарында ұстап, ақпараттың ең маңызды да, өзектісін теріп, салмақтысын сүзіп, көрерменнің зейініне салатын ұжым және бөлім бар. Олар -  аймақтардағы меншікті тілшілер. Қазақ телевизиясының торқалы тойында сол тілшілердің еңбегін айтқанымыз абзал. Азамат Бейбітұлы өңірлердегі әріптестері туралы баяндайды.

Ұлттық арнаның еліміздегі барлық облысында меншікті тілшілері бар. Тіпті, Мәскеу мен Еуропада да әріптестеріміз еңбек етіп жүр. Олардың барлығы тілшілер қосыны бөлімінің жауынгерлері. Тап осы ұжымға Айтқадір Тілеуов 6 жыл жетекшілік еткен. Ол сол кездерде тілшілерге талап қатаң болғанын айтады.

 Айтқадір Тілеуов, телеарна ардагері:

- Бір материалдың өзін сол кездері бірнеше рет қайтарып алып, қайта жіберіп, өңдеп содан кейін барып эфирге шығаратынбыз. Кейде эфирге шығайын деп жатқанда сол материал бір ауыз сөз үшін ғана бармай қалатын.

Күнделікті жаңалықтарымыздың жартысынан көбін аймақтардағы тілшілер жазады. Тұтас елдің әлеуметтік әлеуетін, тұрмыстық ахуалын үнемі назарда ұстап, дер кезінде ақпар тарататын да солар. Мәселен, ОҚО-ғы әріптесіміз Ғани Қалмаханов ең ұзақ еңбек етіп жүрген меншікті тілшілердің бірі.

Ғани Қалмаханов, ОҚО меншікті тілші:

- Жалпы, ОҚО мыңға жуық елді мекен бар. Осы меншікті тілші болған 13 жылдың ішінде оператор екеуміз солардың 70-80 пайызына бардық. Проблемаларын айттық, қуанышын көпке жария етіп келеміз.

Меншікті тілшілер қосыны– ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының ішіндегі іргелі бөлім. Бұл ұжымға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Бірақ, аймақтардағы тілшілер сападан сырғып, мәнсіз материал дайындаған емес. Үнемі шеберлік байқалады.

Нұргүл Ахметова, АСБД шеф-редакторы:

- Өңірдегі тілшілер - олар нағыз кәсіби мамандар. Себебі, олар аймақтың рухани-мәдени дамуы туралы жазады. Әлеуметтік мәселелерін қозғайды. Экономикалық дамуы жайлы сараптайды. Көрерменді хабардар етіп отырмыз.

Жаңалық деген ақпараттық майданда қаламын қару еткен жауынгерлер ғана жүреді. Тірлігі қайнап жатқан тап осы жаңалық атты шағын ауылға шамалы журналистің жолы түспейді. Міне, аймақтардағы тілшілеріміз сол талаптарға сай талантты да, білікті мамандар.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу