Өркенді ауылының тұрғындары неше жылдан бері тұзды су ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өркенді ауылының тұрғындары неше жылдан бері тұзды су ішіп отыр

13.08.2021

Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы Өркенді ауылының тұрғындары жарты ғасырға жуық уақыттан бері тұзды су ішіп отыр. Өткен жылы елдімекенге жаңадан ұңғыма салып, құбырларды жаңарту үшін қазынадан 168 млн теңге бөлінген. Алайда жұмыс шала-шарпы істелген.

Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді елдімекенінде 650-ге тарта түтін бар. Жұрт жылдар бойы ескі ұңғымадан шығатын ащы суды тұтынуға мәжбүр. 12 метр тереңдіктен шығатын судың өзін тәуліктеп тұндырмаса, ішу мүмкін емес, дейді тұрғындар. Оның өзінде судың апталап тоқтап қалатын кездері болады.

Рәйлә Нұсқабаева, Өркенді ауылының тұрғыны:
Ішіп жатқан суымыз мынау, бір сөтке тұндырып ішеміз. Тұндырмаса қап-қара болып тұрады. Балалардың барлығы ауру.

Жергілікті билік Өркендіге өткен жылы ауыз су беру үшін миллиондаған қаражат бөлген. Тіпті тұрғын үйлердің ортасында орналасқан ескі ұңғыманы жауып, орнына ауыл шетінен жаңасын салып беруге уәде еткен. Себебі, тиісті талаптарға сай таза су кемінде 50 метр тереңдіктен шығады. Алайда, тұрғындардың айтуынша,мердігер тек су құбырларын жаңартумен шектелген.

Қазір шамасы жеткендер таза суды көрші ауылдан тасып ішеді. Онда да литрін 1 теңгеден сатып алады. Ал,шіліңгір шілде мен аптап ыстықта мұнда да ұзын-сонар кезек болып кетеді.

Аудан әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, бастапқы жобаға өзгеріс енгізілгені рас. Оны аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары қабылдаған. Яғни кемшіліктің кеткенін әкім жоққа шығармады. Бірақ халыққа беріліп жатқан су ішуге жарамды дегенді алға тартты.

Десе де бұл мәселеге орай тұрғындардан арыз түсуіне байланысты қазір тексеру жүргізілуде. Құзырлы орган оның нәтижесін әзірге жарияламады. Тек тексеру негізінде мердігер мекеменің басшылығы мен жауапты бөлім қызметкерлеріне айыппұл салумен шектелген.

Айнұр Ақбаева 


Хабарламаларға жазылу