«Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында ШҚО-дағы ауылдарға ауызсу келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында ШҚО-дағы ауылдарға ауызсу келді

06.06.2019

Шығыс Қазақстанның шағын ауылдары «Ақ бұлақ» бағдарламасының шапағатын көруде. Таяуда Көкпекті ауданындағы Теректі және Бастаушы ауылының тұрғындары ауызсуға қол жеткізді. Су құбыры әрбір үйге тартылды. Сәтін салса, алдағы 1-2 жылда аудандағы тағы бірнеше ауылда су мәселесі оң шешімін табады.

Теректі ауылы талай жылдан бері ауызсудың зардабын тартып-ақ келген. Әр отбасы жеке құдық қазып, тұзды су ішіп отырған. Ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылған соң, бұл күндердің бәрі артта қалды. Қазір халық риза.

Гаухар Сәрсембаева, Теректі ауылының тұрғыны:

- Келінімізге де жеңіл болды. Таза су бөлмеде ағып тұр. Бәрі жақсы, бұрын қалаға қызуғышу едік, қазір біздікі қаланың өмірінен кем емес.

Теректі ауылын сапалы ауызсумен қамту үшін республикалық бюджеттен 308 миллион теңге бөлінген. 170-тен астам үй бар елді мекен іргесінде заманауи су станциясы салынған.

Серік Шалабаев, су станциясының операторы:

- Бәрі автоматтандырылған, бір жерде су құбыры істен шықса, белгі береді. Менің жұмысым - соны қадағалау.

Көкпекті ауданында жылдар бойы халықты ауызсумен қамту көрсеткіші төмен болды. Қазірдің өзінде 52 елді мекеннің 14-де ғана орталықтандырылған су жүйесі бар.

Берік Көшербай, тілші:

- Биыл Көкпекті ауданында тағы 7 елді мекен таза ауызсуға қол жеткізеді. Үлкен Бөкөн ауылында бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Қазір, міне, ауыл іргесінде су жинау станциясының құрылысы қызу жүріп жатыр.

Азамат Қабылбеков, құрылыс учаскесінің бастығы:

- 2 станция салынады. Біреуі жұмысқа, біреуі резервті болады. Соған байланысты, 150 текше метрден екі су жинау қоймасы қойылады және күзетші отыратын ғимарат болады.

Су мәселесі оң шешімін тапқан соң ауылдар ажарланып, жұртшылықтың жоспары өзгерді. Көшіп кетуді ойлап жүрген адамдар райынан қайтып, туған жерде тұрақтап қалуға бекінген.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу