Өскемендегі бал арасы шаруашылығының өніміне сұраныс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі бал арасы шаруашылығының өніміне сұраныс көп

11.08.2021

Елімізде өнімін шетелдік нарыққа экспорттаушы компаниялар саны артып келеді. Олар ет, бал, құрылыс материалдарын Еуропа, тіпті Америкаға саудаға шығарып жүр. Мысалы, Өскемендегі бал арасы шаруашылығының өніміне сұраныс көп, айына екі-үш тапсырыс түседі. Сауданың қызуына электронды платформалар зор ықпалын тигізіп отыр.

Шығыс өңірдегі бал арасын өсіретін шаруа қожалығы электронды коммерциямен былтырдан бері айналысып келеді. Таза өнім АҚШ, Еуропа, Қытай, Таяу Шығыс елдеріне тұрақты түрде жеткізіледі. Шетелдіктер, әсіресе, ақшыл түсті бал түрлерін таңдайды екен.

Айбек Нұртазин, шаруа қожалығының сату бойынша менеджері:
Балдың түрлері, айырмашылығы бұл қандай гүлден жиналады, соған байланысты болады. Балдың түрі де, түсі де, дәмі де. Мысалы, алатын болсақ, күн бағыстың балы болады, міне, сары бал. Не болмаса, міне, Донник деген. Донник егінді шөп көпжылдық. Өте жақсы бал шығарылады. 

Үлкен нарыққа шығу мүмкіндігі ашылғанда кәсіпкер абыржып қалмады. Алибаба сауда алаңына тегін қосылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында былтыр ғана жүз тонна балды экспортқа шығарды. Өнімнің логистикалық және тасымалдау жағы клиенттердің қаражаты есебінен өтеледі.

Алексей Қасымбаев, шаруа қожалығының басшысы:
Алған өнімнің барлығы ішкі және сыртқы нарықтарға қарай екіге бөлінеді. Жалпы алғанда біз 350 тонна бал өндіріледі. Үштен бір бөлігі Алибаба сауда алаңында, қалғаны ішкі нарықта және ТМД елдеріне жеткізіледі.

Электронды сауданың талаптары көп әрі қатал, себебі тараптар жүзбе жүз сөйлеспейді. Ол үшін компанияда өнімі мен өндірісі, пайдаланып жатқан технологиялары туралы жүйелі әрі нақты жеткізе алатын ағылшын тілін білетін маман болуы қажет. Репутациясына мұқият қарайтын компаниялар ғана бәсекенің шыңына шыға алады.

Ербол Медеуов, ҚР Сауда және интеграция министрлігі цифрландыру департаменті директорының орынбасары:
Бұл платформалар тек отандық мекемелерге емес, компанияларға емес және өзіміздің жеке халыққа да үлкен жақса сауда көзі ғой. Мысалы, Амазонның ашылғаны бұл тек отандық компанияларға ғана емес, халықтың да, жергілікті халықтың өзіне үлкен серпін тигізеді. 

Экспортқа шығамын деушілер тарапынан өтініштер қабылдау мерзімі әзір аяқталды. Бірақ мамандар алдаға уақытта да бизнеске қолдау көрсету жалғасатынын айтады.

Ламбриан Топузидис 

Хабарламаларға жазылу