Қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына 5,3 млрд теңге бөлінуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына 5,3 млрд теңге бөлінуі мүмкін

10.08.2021

Қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына қосымша 5,3 миллиард теңге бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев айтты. Жем-шөп бағасын төмендету мақсатында бұған дейін Маңғыстау мен Қызылордаға үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінген. Ол ақша Маңғыстаулық шаруаларға беріліп жатыр. Ал, Қызылордада 20-шы тамызда басталады.

Сондай-ақ, жем-шөп дайындауға жергілікті бюджеттерден 9,1 млрд теңге бөлінген. Одан бөлек, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» тарапынан нарық құнынан 17 пайызға төмен бағамен 1,7 мың тонна арпа сатылған. «Қазақстан темір жолы» жем-шөп тасымалдауға арналған тарифті 77 пайызға төмендетті. Бұл баға тамыздың аяғына дейін сақталмақ. Табиғи резервтер мен қорықтардағы 211 гектар жерден жем-шөп алуға рұқсат берілген. Шаруаларға көмек көрсету үшін арнайы шот ашылып, оған ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бір күндік еңбекақысын аудармақ.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу