Басты Жаңалықтар Контенттен кәсіпке дейін: Әлеуметтік желіні қалай тиімді пайдалануға болады?

Контенттен кәсіпке дейін: Әлеуметтік желіні қалай тиімді пайдалануға болады?

Жақында Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан FlyDubai компаниясының ұшағы «Ғажайып!» дейтіндей аман қалғанын білеміз. Екінші ұшқыш Хаммам әл-Хаммами ұшақ командирі Смит Мачч-харға шабуыл жасап, 174 жолаушысы бар ұшақты Тель-Авивтегі әуежайға немесе қаладағы ғимараттарға құлатып, теракт жасамақшы болған.

Ауыр жарақат алғанына қарамастан, командир соңғы күшін жинап, кабинаның есігін ашып үлгерген. Сол сәтте ұшақ ішіндегі жолаушылар кабинаға басып кіріп, шабуылдаушыны тұсаулады. Осы оқиғада бір маңызды деталь бар: Янив Хаюн есімді мамандығы сантехник жолаушы төмен құлдилап бара жатқан ұшақтың штурвалына жармасып, лайнерді тіктеуге тырысқан. Кейін ұшақта болған кәнігі ұшқыштар лайнерді басқаруға алып, Сауд Арабиясының Табук қаласындағы әуежайға аман-есен қондырды.

Янив әйгілі National Geographic арнасы да көрсететін авиаапаттардың себебін зерттейтін документалды сериалды жиі қарағанын, соның арқасында әрекет етуге тырысқанын айтқан. Бұл сериал, рас, мықты документалды жоба, мысалы, біздің де ондаған жыл болды, асқан құштарлықпен көретін контентіміздің бірі.

Янивтің әрекеті – сапалы контент қараудың қаншалықты маңызды екенін анық көрсеткен оқиға. «Қоқыс» немесе берері жоқ контент қарағаннан уақытты босқа жоғалтамыз, сыни ойдан алшақтаймыз, біреудің өмірімен өмір сүреміз т.т., солай ма?!

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Өткен аптада Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында болған оқиға қазір түрлі ракурстан талқыланып жатыр. Бізді сантехник Янив Хаюн есімді азаматтың әрекеті таң қалдырды. Ол штурвалды дер кезінде тартып, төмен құлдилап бара жатқан ұшақтың бағытын дұрыстаған. Оның орнында мен болсам, штурвалды тарту керегін білмес едім. Ал Янив Хаюн солай істеу керегін «Air Crash Investigation», яғни «Әуе апаттарын зерттеу» деректі фильмдер сериалынан көрген.

«Air Crash Investigation» апаттар қалай болғанын, оның себептерін көрсетеді. Негізі, ютубтан өзіңіз іздемесеңіз, рекке шыға бермейді. Бірақ ағылшынша нұсқаларының қаралымы 6-7 млн екен.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Яғни, өз көрермендері бар. Солардың бірі осы жолы 174 адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті. Бұл пайдалы контент көрудің маңызды екеніне мысал. Сондықтан біз уақытын пайдалы дүниеге жұмсайтын, сол арқылы өмірін өзгерткен азаматтармен тілдестік.

Мысалы, Дәуіт Сұраған математика мұғалімі. Мектепте сабақ береді. Қосымша IT жобалар жасайды. Жақында ютубтағы шет тіліндегі видеоны автоматты түрде қазақ тіліне аударатын жобасын таныстырды. Егер іске қосылса, ютубтағы ағылшынша видеоларды бірден қазақша көреміз. Мысалы, танымал блогер Мистер Бисттің өзі қазақша сөйлеп жатқандай.

Дәуіт Сұраған, математика мұғалімі:

Одан бөлек, сіз қазақша бейнелерді орысшаға, ағылшыншаға аудара аласыз. Авторлар бар, креаторлар, солардың мүмкіндіктері кеңейеді. Олар әлемдік нарыққа шыға алады.

Дәуіт IT саласы бойынша кәсіби білім алмаған. Бәрін интернеттегі видеоларды қарап меңгерген. Ізденістің арқасында фотошоп бағдарламасын да қазақшалаған. Одан бөлек, фотошоптың ішінде суреттің фонын сапалы тазалайтын жобасы бар.

Дәуіт Сұраған, математика мұғалімі:

Ютубтан тек жаңалықтар көрем, ЖИ бойынша не болып жатыр дегендей. Өзім жалпы тикток, инстаграмда отырмаймын. Уақытымызды кетірмеймін. Себебі түсінем де, алгоритм болғаннан кейін.

Бұл қарағандылық Бауыржан Ынтықбаев. Ол тау-кен саласында жұмыс істейді. Былтыр үй алған. Бірақ жөндеуге адам жалдағысы келмей, өзі кіріскен. Ешқашан үй жөндеп көрмесе де, ютубтан қарап істеп жатыр.

Бауыржан Ынтықбаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Бұл жұмыспен айналыспай тұрғанда рекке мұндай бірде-бір видео шықпайтын. Қазір көретін контентімнің 80 пайызы жөндеуге қатысты. Бұл менің бірінші жұмысым болғандықтан, қателіктер жіберіп жатырмын. Бірақ әр жаңа нәрсені істеп көрген сайын басқасын істеуге шабыт аламын.

Бауыржан өз үйін жөндеп болғасын осы саламен жүйелі айналысуды жоспарлап жүр. Өйткені тау-кен саласында 15 күннен вахталық режиммен істейді. Ол жақта бір бөлімнің жетекшісі, сонда да осы бағыт табысты болса, түбегейлі ауысу ойы бар. Сол себепті өзінің жұмысын видеоға түсіріп, тұрақты блог жүргізеді.

Бауыржан Ынтықбаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Көп адам сен бізге мотивация бердің жазып жатыр. Олар мені көріп, кішігірім жөндеу жұмыстарына кіріскен. Сондықтан пайдалы контенттерді көріп қана қоймай, оларды өзім де түсіре бермекпін.

16 жастағы Исмаил Молдашев ауылда мал бағып жүріп, ағылшын тілін өз бетінше меңгерген. Тіл үйрену үшін YouTube-тан бейнесабақтар көрген. Жас болса да, мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы біледі. Қазір мал бордақылау, кәсіпке инвестор тарту бойынша өзгелерге кеңес береді. Ауылда мал ұстайтын азаматтар болашақта жаңа технологияны пайдалануы үшін тіл үйренуі маңызды, – дейді.

Исмаил Молдашев, Ақтөбе облысының тұрғыны:

Малды бағудың қажеті жоқ. Жайлап тоқ ұратын GPS-тер болады. Мойнында ілулі тұрады. Бізге бақташы керек емес.

Мұндай мысалдарды алыстан іздеп қажеті жоқ. Әріптесіміз, журналист Ербол Сейілхан да 10 жылдай дәстүрлі медиада еңбек етіп, кейін жаңа медиаға ауысқан. Жаңа медиа, әлбетте, жаңа дағдыларды талап етеді. Контентті түсіру, монтаждау, жүктеу, тарату, рекке шығару – бәрін өзің жасай білуің керек. Ербол соның қыр-сырын YouTube-тан меңгеріп алған.

Ербол Сейілхан, журналист:

Ютубта бәрі тегін тұр. Сондықтан қазір ағылшын үйрену үшін ағылшын тілі маманына барудың, тағы бір жаңа қабілет үйренудің ешқандай қажеті жоқ. Оның бәрі әлеуметтік желіде, интернетте тұр. Тек дұрысын таңда.

Иә, контентті саналы түрде таңдау маңызды. Өйткені әлеуметтік желі сізге нені көбірек көрсететіні өзіңіздің әрекетіңізге байланысты. Әзіл қарасаңыз, әзіл шығады. Ғылым-білімге, ғарышқа қызықсаңыз, алгоритм сол бағыттағы материалдарды ұсынады.

Ербол Сейілхан, журналист:

Әлеуметтік желі деген ол өмірбақи бітпейтін лента ғой. Айнала береді, ол тоқтамайды. Мен бір жерден оқыдым, әлеуметтік зерттеулер бойынша оны арнайы үлкен психологтар, ғалымдар жасаған. Өйткені сен таңғы сағат тоғызда желіге кіріп, таңғы 4-ке дейін отыра беретін жастар, жасөспірімдер пайда болды. Таң атпай көзі қызарып отырады. Және ол адамдар білмейді, ол басқа сол видеоларға лайк басу арқылы, пікір жазу арқылы ол видеоны қатты жылжытып жатыр.

Бір қарағанда, бұл жай уақыт өткізу сияқты. Бірақ өзіңді тежемесең, уақыт қалай өткенін байқамайсың. Сондықтан сен алгоритмді тәрбиелемесең, кейін өзің алгоритмнің жетегінде кетуің мүмкін.

Ербол Сейілхан, журналист:

Қазір өте көп ақпараттар ағынында өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанда 20 млн адам бар, біз 20 млн адамның телефонына бақылаушы адамды бекітіп қоя алмаймыз ғой, әркімнің қолында телефоны бар, ол не қарайды, не көреді, өзі шешеді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Осы сюжетті дайындау кезінде ютуб арқылы дайындалып, әлем чемпионы болған кениялық спортшы Джулиус Иегоның оқиғасына көзім түсті. Бала кезінен найза лақтыруға қызыққан Джулиус бұл спортпен кәсіби түрде айналыса алмайды. Өйткені Кенияда найза лақтыру дамымаған, оған дайындалатын кешен де, дайындайтын бапкер де жоқ. Сондықтан ол ауылдағы қарапайым интернет-кафеге барып, Олимпиада чемпиондарының жаттығу сәттерін, найзаны қалай ұстап, қалай жүгіретінін үзбей көріп, сағаттап талдаған. Видеодан көргенін үйде қарапайым ағашпен қайталап, өз техникасын ойлап шығарған. Солай дайындалып, 2015 жылы әлем чемпионы атанса, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған.

Бөлісу