«Pfizer» вакцинасы жүкті әйелдер мен балаларға салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Pfizer» вакцинасы жүкті әйелдер мен балаларға салынады

10.08.2021

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны қайталап егу жоспарда бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Ревакцинацияның екі түрі болады. Біріншісі ұжымдық иммунитет 60-70 пайызға жеткенге дейін шұғыл егіледі. Екіншісі – жоспарлы вакцинация, ол жылына бір рет салынады. Ведомство басшысы қайталап егу екінші дозаны алғаннан кейін шамамен 9 айдан соң жүзеге асырылатынын айтты. Қазір ревакцинация АҚШ, Израиль, Ресейде пысықталып жатыр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
Бұл елдерде алғашқы вакцинациядан бері 9 айдан астам уақыт өтті. Қазақстанда ревакцинация жүргізу қазан айында басталуы мүмкін. Ақпанда бірінші екпені алған азаматтарға осы мерзім оңтайлы болды. Шараларды нормативтік тұрғыда бекітеміз. Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен кеңесетін боламыз.

Министр қазанда «Pfizer» вакцинасы жүкті әйелдер мен балалар үшін қолжетімді болатынын айтты. Бұл - уақытша шектеу. Ведомство басшысы аталған препаратты күтпей, басқа екпелерді салдыруға шақырды. Бұған қоса, бір апта ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған тағы бір препарат Қытайдан жеткізілетін болады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу