Ұлттық құрамадағы боксшыларымыздың дайындығы жеткілікті деңгейде болды. Өкінішке орай, лайықты нәтиже көрсете алмады. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, боксшыларымызға психологиялық факторлар кері әсер еткен болуы мүмкін. Жаттықтырушы Токио климатына сәйкес келетін Владивостокта пандемияға байланысты жаттығудың реті келмегенін де айта кетті. «Кеше шаршы алаңда қола медальға ие болған Сәкен Бибосыновтың алтын медаль алуға толық мүмкіндігі болды. Жекпе-жекте төрешілер әділ баға бермеді», - дейді бапкер.
Ғалымбек Кенжебаев, Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері:
AIBA-ның ережесімен өтіп жатқан жоқ бокс. AIBA-ның ережесі бойынша қарсылық білдіруге болады. Командаға екі наразылық беріледі. Соны қолдануға болады. Мұнда Олимпиаданың алдында айтты бәрімізге айтты: «Протест болмайды. Протест жазбай-ақ қойыңдар» деді. Қаралмайды.
Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев те жекпе-жек нәтижелеріне көңілі толмайтынын айтты. Олимпиада ойындарынан кейін спортшылар мен бапкерлердің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтеді. Онда жіберілген кемшіліктер талқыланып, жоспарлар пысықталатын болады.
Айта кеткейік, Олимпиадаға бокстан 9 спортшы аттанған болатын, олар 8 салмақта бақтарын сынады. Нәтижесінде Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев қола медаль иеленді.
Дарын Сағитов