Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 200 миллионнан, ал қайтыс болғандар 4,2 миллионнан асып кетті. Пандемияны баялату үшін вакцинаны халықтың көп бөлігіне салу қажет болып отыр. Сондықтан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бай мемлекеттерді екпенің үшінші дозасын салудан әзірге бас тартып, дамушы елдер халқының кем дегенде 10 пайызын иммундауға атсалысуға үндеді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде коронавирус жұқтыру оқиғаларының расталған саны 200 миллионнан асты. Және де «дельта» вариантына байланысты мұндай науқастар тез көбейіп барады.
Сарапшылардың сөзінше, пандемияны жаппай иммундау жұмыстары баяулатып, талай адамды өлімнен құтқара алады. Алайда, қазір планетада екпе тапшылығы байқалып отыр.
«Рейтердің» есебінше, жер шары тұрғындарының 2,6 пайызы ковидке шалдыққан. Егер сол науқастар бір мемлекетті құраса, халқының саны жағынан әлемде 8-ші орын алар еді.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:Орташа алғанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алты аймағының бесеуінде соңғы төрт аптада инфекциялар 80 пайызға немесе шамамен екі есеге өсті. Ал, Африкада осы кезеңде өлім –жітімнің өзі 80 пайызға көбейіп отыр. Бұл өсімнің көп бөлігіне «дельта» нұсқасы себепші.
Өз есебінде ресми статистиканы қолданатын Джонс Хопкинс университетінің өзге бір дерегінше, әлемде коронавирустан 4,2 миллионнан астам адам қайтыс болды. Алайда, биыл мамырда Вашинтон университетінің ғалымдары айтқандай, дүниежүзінде Covid-19 құрбандарының саны екі есеге азайтылып көрсетіліп жүр.
Жалпы алғанда, корорнавирус диагнозы қойылғандар саны алғашқы 100 миллионға бір жылда жетсе, тағы 100 миллионы бұл ауруға небары жарты жылда шалдыққан.
Осындай шақта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бай елдерді тұрғындарға вакцинаның үшінші дозасын салуды тоқтата тұрып, басы артық екпені кедей елдерге үлестіруге шақырды.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:Біз табысы жоғары елдерге баратын вакциналардың көпшілігін дереу табысы төмен мемлекеттерге бағыттауымыз қажет. Осыған орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір елдің халқының кем дегенде 10 пайызын вакциналау үшін екпенің үшінші дозасын салуға қыркүйекке дейін мораторий жариялауға шақырады.
Кейбір елдер, соның ішінде Германия, вакциналау науқанының үшінші толқынын күзде бастағысы келеді. Ал, вирус қазір әлемнің кедей елдерінде белсенді түрде таралып жатыр.
Апта сайынғы жұқтыру оқиғаларының көбі Бразилияда, Индонезияда, Үндістанда, Иранда тіркеліп отыр. Күнделікті жаңа жағдайлардың шамамен 38 пайызы осы мемлекеттердің үлесінде екен.
Бір ерекшелігі - АҚШ -та жаңа диагноздардың көпшілігі вакцина алмаған адамдарға қойылып жатыр.
Арыстан Рысбек