Әлемде коронавирус жұқтырғандар 161 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 161 миллионнан асты

14.05.2021

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 161 миллионнан асып, 3 миллион 346 мыңға жуығы қайтыс болған. Жұқтырудан бірінші бестікке АҚШ, Үндістан, Бразилия, Франция, Түркия кірді.

Ал Үндістан мұсылмандары Айт мерекесін вирустық дағдарыспен қарсы алды. Елдің солтүстігіндегі Әмритсар және Агартала қалаларында мыңдаған адам мешіттерге жиналып намаз оқыды. Алайда, өзге аймақтарда мұсылмандардың көбіне карантинге байланысты мұндай мүмкіндік берілмеген.

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 24 миллионнан асты. Және де мұнда пандемия басталғалы осы инфекциядан қайтыс болғандардың жалпы саны 262 400-ге жуықтап отыр. Солардың төрт мыңдай өткен тәулікте жан тәсілім еткен. Осыған қарамастан, елде вакциналау науқаны өте баяу жүріп жатыр. Бүгінге дейін Үндістанның 1 миллиард 350 миллиондай тұрғынының 2,8 пайызынына ғана екпе салыныпты. Осы кемшілік үшін премьер-министр Нарендра Моди қазір үлкен сынға ұшырап отыр.

Ал АҚШ-та толық вакциналанған адамдарға маскасыз жүруге рұқсат берілді. Мұны президент Джо Байден Ақ үйдің жанында мәлімдеді. Ол елдегі саясаткерлердің ішінде алғашқылардың бірі болып бетпердесін шешіп, халыққа телевизиялық үндеу жолдап, америкалықтардың керемет оқиғаға куә болғанын атап өтті.

Джо Байден, АҚШ Президенті:
Бірнеше сағат бұрын Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы енді толық вакциналанған адамдарға маска тағу керек емес деп кеңес берді. Бұл ұсыныс іште жүрсеңіз де, сыртта жүрсеңіз де орындалады. Менің ойымша, керемет оқиға. Және де ол америкалықтар қол жеткізген ерекше жетістік деп ойлаймын.

Ал, Грекия шетелдік туристер үшін өз шекарасын қайта ашып жатыр. Елге ресейлік вакцинаның екі компонентін алғандар кіргізіледі. Оларда осыны растайтын және ағылшын тілінде жазлыған сертификат болуы тиіс. Мұны гректің туризм министрі Харис Теохарис мәлімдеді. Сонымен қатар, ол екпе салдырмаған саяхатшыларда коронавирусқа негативті тест нәтижесі болуы қажеттігін де атап өтті.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу