Батыс Қазақстан облысында дәрігерлердің 96 пайызы екпе алып үлгерсе, Қызылорда облысының шалғай аудандарында өз ынтасымен вакцина салдырып жатқан тұрғындардың саны артып келеді. Ал, Павлодарда екпе алуға арналған жылжымалы медициналық кешендер қайтадан жұмысын бастады. Себебі ауру жұқтырғандар күрт көбейген.
Батыс Қазақстан облысында дәрігерлердің 96 пайызы екпе алды. Тек созылмалы ауруы, емізулі баласы бар және аяғы ауыр қызметкерлер ғана вакцина салдырмаған. Дәрігрелер дерті дендеген науқастармен бетпе-бет келеді. Қауіп зор. Сондықтан мамандар тұтас ұжым болып екпе алған.
Бибігүл Қуанышәлиева, жалпы тәжірибедегі дәрігер:
Мен наурызда екпе алдым. Біз осы ұжымның дәрігерлері, медбикелері барлығымыз науқастарға, пациенттерге екпе алған адам аурыған жағдайда жеңіл өтетіндігін айтып, оның маңыздылығын түсіндіріп, жұмыс істеп жатырмыз.
Қызылода облысының Арал ауданында екпе алушылардың қатары күрт артты. Өңірге жіберілген 19 мыңнан астам дозаның 90 пайызы пайдаланылды. Қарапайым тұрғындар мен жастар вакцина алуға көптеп келуде. Тәулігіне 300-ден аса адам екпе алып жатыр.
Манира Әбілова, аудан тұрғыны:
Қазіргі таңда коронавирус ауруы өршіп жатқандықтан өзімінің денсаулығым үшін, жақындарым үшін алып жатырмын. Қазір екінші компонентін алып жатырмын. Біріншісінде сәл ауырсыну, әлсіздік болды. Бірақ, қазір бәрі жақсы.
Ауданда 12 егу кабинеті бар. Одан бөлек көшпелі бригада ауыл-аймақты аралап, халыққа екпе салуда. Әзірге шағым жоқ.
Мұратбай Қожабаев, дәрігер-инфекционист:
Осыншама адамға егілгенімен соның ішінде шок, атек, клинки деген ауыр ондай жағдайлар кездестірілген жоқ. Бастапқыдай емес, қазір халық түсінді. Келіп салдырып жатыр.
Павлодарда үй-күйінен айрылып, оңалту орталығында тұрып жатқандарға екпе салынып жатыр. Мемлекеттік мекемені қазір 70 адам тұрақты мекендейді. Солардың 50 пайыздан астамы вакцина алды. Ал, басқаларында жеке құжаттары жоқ.
Алина Соснюк, Оңалту орталығының фельдшері:
Мамыр айында бастадық.Бұл жерді тұрақты мекен қылған 36 адамға екпе салынды. Енді келіп түскен тағы 6 адам өз өтініштерімен вакцина алды. Адамдар салдырғысы келеді, бірақ көбінің құжаты жоқ .Жеке сәйкестендіру номері болмаса біз вакцинациялау паспортын бере алмаймыз. Осы жағынан сәл кедергі бар.
Ал облыс орталығында, тұрғынлар емханаларда кезек күтіп қалмас үшін ірі сауда орындары мен адамдар көп жүретін аумақтарға жылжымалы медициналық кешендер қайта шығарылды.
Болат Аманбаев