Токио 2020: Төртінші жарыс күнінің нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токио 2020: Төртінші жарыс күнінің нәтижесі

27.07.2021

Қазақ жанкүйерлері медаль күтіп отырған спортшылардың бірі Дмитрий Баландин бүгін жарыс алаңына шықты. Ол 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде сәтті өнер көрсетіп, межені 2:08:99 уақытта жүзіп өтті. Осылайша сайысқа түскен сегіздіктің арасында төртінші орынға қол жеткізіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финал ертең, яғни 28 шілде күні өтеді. Егер де бұл сыннан да сүрінбей өтсе, 29 шілде күні финалдық бәсекеде бақ сынайды. Айта кетейік, 2016 жылы Рио Олимпиадасында Дмитрий дәл осы қашықтықта чемпион атанған болатын. Бұл - еліміздің суға жүзу спортындағы әзірге ең жоғары көрсеткіш. 

Бүгінгі жарыс күні біздің былғары қолғап шеберлері үшін сәтті бола қоймады. Қазақстан үшін сәтті салмақ болып есептеліп келген 69 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов америкалық қарсыласына есе жіберді. Төрешілер 1:4 есебімен Джонсон Делантенің пайдасына дауыс берген. Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, ауыр салмақтағы үмітіміз Василий Левит күтпеген жерден жеңіліс тапты. Ол Испания туының астында өнер көрсететін кубалық Эммануель Рейеске жол берді. Жекпе –жектің алғашқы раунд тартысты өтіп, екі спортшы да тең дәрежеде өнер көрсетті. Алайда екінші раундта отандасымыз күтпеген соққыны жіберіп алды. Төрешілер Левитке техникалық нокаут жазды.

Такэквандошыларымыз үшін де бүгінгі күн сәтсіз өтті. Жарыс жолына үкілеп қосқан Дениз Жансель мен Руслан Жапаров сайыстың екінші айналымында жеңіліс тапты. Әйелдер арасында 67 келі салмақта сынға түскен Жансель ұлыбританиялық Бьянка Уолкденнен ұтылды. Ал ерлер арасында 80 келі салмақта бақ сынаған Руслан Жапаров Оңтүстік Корея өкіліне жол берді. Дегенмен медаль алуға әлі де үміт бар. Алайда енді бәрі де тек қарсыластардың қолында. Егер де бүгін жеңіске жеткен спортшылар финалға жетсе, Руслан мен Дениздің қола медальға таласатын мүмкіндігі пайда болмақ. 

Теннисші қызымыз Елена Рыбакина Олимпиада ойындарының ширек финалына жолдама алды. Ол бүгін хорват қызы Донна Векичпен ракетка түйістіріп, екі сеттің қорытындысы бойынша басым түсті. Алғашқы сетте ойын тай-брэйкке ұласып, отандасымыз жеңімпаз болып шықты. Ал екінші сетте Елена дер кезінде брэйк жасап, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Жалпы осы ойынға Рыбакина 1 сағат 40 минут уақыт жұмсады. Енді ширек финалда испаниялық Гарбине Мугурусамен кездеседі. Айта кету керек екі теннисші осы жақында ғана Берлиндегі турнирде кездескен. Ол кезде әлемнің 9 ракеткасы Гарбине жеңіске жетіп еді. Бұл жолы Рыбакина таразы басын теңестіре алады. Егер жеңіске жетсе, онда медаль еншілеуге бір табан жақындай түсіп, жартылай финалға өтеді.

Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге жалпыкомандалық есепте 47-орында келеді. Ал көш басында Америка Құрама штаттарының спортшылары. Олар ең көп медальді иемденген. Қытай құрамасы екінші орында келеді. Дегенмен оларда да 9 алтын. Жарыс қожайындары Жапония спортшылары да қалысар емес. Күншығыс елінің еншісінде 9 алтын, 3 күміс, 5 қола. Ресей Олимпиада комитеті туының астында өнер көрсетіп жатқан спортшылар 4-орында келеді. Олар әзірге 7 алтын алқаны иеленген. Ал біздің ұлттық құраманың қанжығасында әзірге 3 қола медаль бар.

Хабарламаларға жазылу