Pfizer вакцинасы елімізге төртінші тоқсанда жеткізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Pfizer вакцинасы елімізге төртінші тоқсанда жеткізілмек

16.07.2021

Pfizer вакцинасы елімізге төртінші тоқсанда жеткізілмек. Бұған дейін президент бұл екпені жеделдетіп әкелуді тапсырған. Қазір өндірушілермен келіссөздер жүріп жатыр. Әрі осы вакцина балаларға да егілуі мүмкін. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы мәлімдеді. Айтуынша Pfizer-ді 12 жастан асқандарға егуге рұқсат. Осы ретте коронавирустың дельта штамы балалар арасында да тез тарап жатқанын ескеруіміз керек. Елде 12 мен 18 жас аралығында екі миллион ұл-қыз бар. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін олардың екпе алғаны маңызды.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:
Бірақ бұл ата-аналарының немесе қамқоршыларының рұқсатымен ғана жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ Pfizer-ден бөлек, Moderna және «Синовак» вакциналарын да елге әкелу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Әрі Денсаулық сақтау министрлігі спутник-лайт екпесін тіркеді. Жақында ол да қазақстандықтар үшін қол жетімді болады. Бұл вакцина тек бір компонентті.

Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова Павлодар облысында екпе алып, екі аптадан соң қаза тапқан әйелдің өліміне қатысты түсінік берді. Айтуынша бұған вакцинаның қатысы жоқ. Айта кетейік, қазір елде 1 миллион 200 мыңнан астам індетке қарсы екпенің дозасы бар. Сондай-ақ отандық казвак вакцинасын Венгрия, Қырғызстан, Түркия, Тайланд, Кипр секілді елдердің мойындаған. Ал вакцина паспортын сатып алғандар анықталса, олар бірден базадан шығарылып, екпені қайта алуға мүмкіндік берілмек.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:
Вакцина паспортының заңдылығын тексеру мүмкін емес. Сатып алғандар болса, соны өздері мойындап, қайта екпе алуы керек. Адамдар түсінсе дейміз, паспортты заңсыз алу, жансақтау бөліміне апаратын ұшаққа билет сатып алумен бірдей. Сол үшін азаматтар жауапкершілікті түсініп, өзінің, жақындарының өмірі үшін мемлекет тегін беріп отырған вакцинаны алуы тиіс.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу