Елімізге Pfizer вакцинасы жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізге Pfizer вакцинасы жеткізілді

14.11.2021

Елімізге Pfizer вакцинасы жеткізілді. Коронавирусқа қарсы бұл препарат 12-18 жас аралағындағы балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және босанғанына 42 күннен асқан әйелдерге егіледі.

Алғашқы партиясы - 379 мың дозаның 46 мың дозасы Алматыда қалса, қалғаны басқа өңірлерге таратылып жатыр. Жалпы, препараттың 4 миллион 230 мың дозасының пұлы төленген. Қалған партия бірнеше аптаның ішінде әкелінеді.

Вакциналау алдымен медицина мекемелерінде жүргізілмек. Ал білім ордаларына арнайы шақырту болса, дәрігерлер өздері барады.

Ал Астанада екпе салу санатына жататын 63 мың бала бар. Оларды вакциналау шаралары клиникадан гөрі мектепте ыңғайлы дейді астанадағы мамандар да. Әйтсе де ата-ана емханада салдыруды қаласа, өз еркі. Екпе салдырмас бұрын, үлкендердің жазбаша келісімі керек.

Нұр-Сұлтанда жүктілік мерзімі 16 аптадан асқан 5000-нан аса келіншек иммундау шарасына қатыса алады. Емізулі баласы бар әйелдердің саны 28 мыңға жуық.

Екпе алмаған оқушыларға оффлайн білім алуға еш шектеу болмайды. Вакцина ерікті түрде, ата-аналардың келісімімен ғана жүргізілмек. Билік солай деп отыр. Тағы бір мәселе. Бұл екпеге АҚШ пен Еуропаға емі-еркін барғысы келетін азаматтар да қызығып отырғаны рас. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Pfizer вакцинасымен егілгісі келетіндер тұрғылықты жері бойынша немесе тіркелген емханасына өтініш қалдыруы керек, әрі қарай егер артылып жатса, вакцина алады деген. Тамыр-таныстық арқылы ғана қол жеткізуге болатын рәсімге айналып кетпес пе екен?

Covid-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі ақпарына келсек, тестпен расталғандардың саны 1320, 20 адам қайтыс болған, 503 адамның жағдайы ауыр,127 адамның жағдайы өте ауыр. 89 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, екпенің екі компонентін де 7 811 435 адам салдырған.


Хабарламаларға жазылу