Қазақстанда ет бағасы қымбаттауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда ет бағасы қымбаттауы мүмкін

14.07.2021

Биыл құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінде мал бағасы күрт түсіп кеткен. Десе де, қазір ел аумағында ет өнімінің бағасы керісінше қымбаттап тұр. Сарапшылар 2022 жылдың қыс-көктем мезгілдерінде 1 келі еттің құны 3000-3500 теңгеге жетуі мүмкін деп дабыл қағуда. Яғни, 40-70%-ке өседі деген болжам айтады. Ал қазіргі баға қандай? Тілшіміздің материалынан білейік.

Бауыржан Бөгенбай, тілші:
Ет дегенде бет бар ма. Бірақ, бүгінде етке қарайтын бет жоқ. Өйткені бағасы күннен-күнге көтерілуде. Мысалға, сиыр еті жыл басында 2100 теңге болса, келісі, қазір 2250 теңге. Ал, жылқы еті осыдан екі ай бұрын ғана 2300 теңге болса, қазір 2700 теңгеге тұрақтаған. Бірақ, әлі де қымбаттауы мүмкін дейді сатушылар.

Несібелді Құрбанова зейнеткер. Отбасына айына кем дегенде 20 келі ет сатып аламыз дейді. Алайда, көпшілік көп тұтынатын өнімдердің бұлайша қымбаттауы қалтаға салмақ салатынын алға тартады.

Несібелді Құрбанова, қала тұрғыны:
Енді қазіргі жағдайда қымбат. Көкөніс қымбат. Картоп, пиязда қымбат. Оның үстіне ет қымбат. Сәл түсу керек қой баға деген. 

Ет құнының шарықтап кеткенін сатушылардың өздері де мойындап отыр. Десе де, бұл жерде бағаны ойнататын ортадағы делдалдар екенін жасырмайды.

Ғафуза Байтасова, сатушы:
Жылда қымбаттайды ет. Жылда 100 теңге қосылады. Тағы да қымбаттады мынау. Оны енді алып келетін де, оптым әкелетіндер қымбаттады деп ойлаймын мен. Біз сатушымыз ғой. Бізге бағасын қойып береді, солай сатамыз.
Руслан Идрисов, Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:
Біз қазір бағаны тұрақтандыру үшін бір ірі компаниямен келісім-шартқа отырдық. Ол күзден бастап бір жыл бойы қала базарларын ет өнімімен қамтамасыз етеді. Және Сарыарқа ауданы аумағында ет өніміне арналған сауда орнын тұрғызыуды бастадық. Жаздың аяғында қолданысқа беріледі.

Ресми өкілдің айтуынша, елордада жыл аяғына дейін тағы 7 павильон ашыламақ. Ол жерде Ақмола облысының шаруалары делдалсыз-ақ тауарларын саудалай алады. Қазіргі нарықта, сойыс малының бағасы да удай. Әсіресе, құрбан айт қарсаңында қой бағасы құбылып тұр.

Айбек Қазтаев, сатушы:
Тоқтыларымыз қазір 40 мың теңгеден жоғары, жақсы тоқтылар. 50 мыңдығы бар, 45 мыңдығы бар. Алды 55 мыңға дейін барады. Үлкен қойларымыз сол 60 мыңнан жлғары, 70-80 мың болады. Енді ордан үлкен ірі қошқарлар болады, олар 100 мыңнан артық, 90-95, 110 мыңға дейін кетеді.

Қалалық әкімдік өкілдері бағаны нарықтың өзі реттейтінін айтады. Құзіреттеріне тек сиыр етін бақылау кіреді дейді. Оның өзінде тек төс етінің теңгесін тезге салуға қауқарлы.

Бауыржан Бөгенбай


Хабарламаларға жазылу