Министр картоп пен сәбіз қашан арзандайтынын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр картоп пен сәбіз қашан арзандайтынын айтты

13.07.2021

Елімізде азық-түлік экспортына шектеу қойылуы мүмкін. Бүгін Сауда және интеграция министрі биылғы құрғақшылықтың кесірінен өнім тапшылығы болса, осындай шаралар қабылданатынын жеткізді. Әрі Бақыт Сұлтанов бағасы шарықтаған картоп пен сәбіздің қашан арзандайтынын айтты.

Азық-түлік тағы қымбаттап жатыр. Әсіресе, сәбіз. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегінше, ол жыл басынан бері 175 пайызға шарықтаған. Картоп – 75, күн бағыс майы – 21, пияз - 18, қант бағасы 10 процентке өсті. Сауда және интеграция министрінің айтуынша сәбіз тек күзде арзандауы мүмкін.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Сәбіз тапшылығы барлық жерде байқалады. Көршілес Өзбекстанда да осындай проблема. Ресейде де сәбіз жетіспейді. Бұған егіс алқаптарының қысқаруы себеп. Барлығы сәбізді аз еккен.

Яғни, тапшылықтан баға өсіп отыр. Тіпті сәбіздің келісі 700, кортоптікі 500 теңгеге жеткен еді. Екінші нан аталып кеткен картоптың бағасы қазір түсе бастады. Бір аптада 7 пайызға арзандаған.

Олжас Құлмаханбет, сатушы:
Осыдан бір апта бұрын 300 теңге еді картоп. Қазір 240-250. Кішкене-кішкенеден арзандап жатыр. Өйткені Ресейдің жергілікті картобы шықты жергілікті.

Десе де кейбір сарапшылар күзде баға керісінше 40 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжамдар айтып жүр. Сөздеріне сенсек, бұған биылғы құрғақшылық әсер етпек. Десе де Бақыт Сұлтанов бұған жол бермейміз деп отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Азық-түлік қауіпсіздігі басты міндет Үкіметтің. Сондықтан бұл инструмент бар. Тиісті ведомствааралық комиссия жұмыс істейді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары басқаратын. Сондықтан осындай мәселелер келген кезде дер кезінде уақтылы шешімдерді қабылдаймыз.

Яғни, құрғақшылық қымбатшылыққа әкеліп жатса, әлеуметтік тауарлардың экспортына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл бағаны тұрақтандырып, тапшылықтың алдын алады дейді министр.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу