Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде кәріз суы жақын маңдағы тұзды көлге төгіліп жатыр. Тұрғындардың наразылығын туғызған бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ әбден тозған кәріз жүйесін қалпына келтіруге әкімдікте қауқар жоқ. Себебі 11 шақырым құбыр мен насос станциясы әлдеқашан жекенің қолына өтіп кеткен.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Шашубай кентінің маңындағы мына тұзды көлге бір кездері Балқашқа келген туристердің көбі соғатын. Себебі суының емдік қасиеті зор. Алайда бүгінде туристер тұрмақ, іргеде отырып-ақ жергілікті тұрғындардың өздері игілігін көре алмай отыр. Себебі кәріз суы күнделікті ашықтан-ашық төгіліп жатыр.
Жел терісінен соққанда қолқаны қабатын сасық иістен кент тұрғындарының берекесі қашады. Жергілікті жұрт ауыл іргесіндегі тоған індет ошағына айналып кете ме деп қауіптенеді.
Ерғазы Серіков, Шашубай кентінің тұрғыны:
Жел шығыстан болады ылғи біздің Шашубай кентінде. Бүкіл ауылды алып кетеді сасық иіс, канализацияның иісі. Тұзға енді ағып жатыр, көріп тұрсыздар ғой, бұл жерге енді кім түседі. Адам баласы түспейді ғой ондай жерге, ауру болып шығасың ғой.
Жергілікті биліктің айтуынша, мұндағы 11 шақырым кәріз жүйесі әбден тозған. Әр жерден жарылып, құдықтан шыққан қалдық су түгел көлге ағып жатыр. Ол аздай насос станциясы да істен шығыпты.
Кенттегі кәріз жүйесі мен насос станциясы «Балқаш балық» мекемесінің иелігінде. Бірақ олар қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыз,-дейді жергілікті билік өкілдері.
Қайрат Қошантаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
«Балқаш балық» кәсіпорнының бас директоры Құспаев Ахат мырзамен аудан әкімімен бірге барып келіссөз жүргіздік. Ол кісі басында насостық станцияны сіздердің коммуналдық меншікке беремін деп, өз еркімен беруге келісім болған. Бірақ кейіннен ол кісі ол келісімнен айнып отыр. Сол себепті мәселе шешілмей тұр. Яғни біз оған ешқандай қаражат жұмсап, жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Ана кісі ол да өз еркімен қаржысын салмайды.
Ал, кәсіпкерден сұқбат алу мүмкін болмады. Әзірге Шашубай кенті тіршілік көзін «Балқаш су» мекемесінен алып, қалдық суды қайта жібереді. Сондықтан елді-мекендегі коммуналдық жүйені тұтастай сол мекеменің құзырына өткізудің тектіктері қарастырылып жатыр.
Руслан Нұрланұлы