Қарағанды облысында соңғы үш күнде екі бала терезеден құлап, біреуі мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында соңғы үш күнде екі бала терезеден құлап, біреуі мерт болды

15.05.2019

Қарағанды облысында соңғы үш күнде екі бала терезеден құлап, біреуі мерт болды. Ал жыл басынан бері осындай үш оқиға тіркелді. Алғашқысы 8 сәуірде Майқұдықтағы 12 ықшам ауданда тіркелген еді. Бесінші қабаттан құлап кеткен балақай ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. 

Мамырдың 12 күні Күзембаев көшесіндегі үйлердің бірінде 3 қабаттан құлаған 4 жастағы сәби мерт болды. Сондай-ақ, қаланың 21 ықшам ауданындағы үйлердің бірінде  5 жастағы бүлдіршін үшінші қабаттан құлап, түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.

Мұндай оқыс жағдайлардың  қайталануына басты себеп ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан,-дейді мамандар. Былтырғы жылы да осындай салғырттықтың салдарынан 18 оқиға тіркелді.

Жанна Дәуренбекова, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:

-Кішкентай балалар қауіпті жағдайды дұрыс түсіне алмайды. Сондықтан, оларды аз уақытқа да жалғыз қалдыруға болмайды. Үйде кішкентай бала болса онда терезелерді мықтау керек. Өткен жылы осындай 18 оқиға болды облыс бойынша. Үш бала қайтыс болды.

Ақтауда да 2 жасар қыз бала 4-қабаттан құлап, ауруханада жатыр. Бүлдіршіннің миы шайқалып, беті мен басы жырылған. 12 метр биіктен құлаған бала абырой болғанда талға ілініп, аман қалды.Қазір баланың жағдайы қалыпты, дейді дәрігерлер

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу