«Түркістан - түркі әлемінің бесігі» саммиті басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Түркістан - түркі әлемінің бесігі» саммиті басталды

21.06.2021

Түркітілдес халықтарының жас көшбасшылары мен белсенділері бүгін Түркістан қаласында бас қосып, халықаралық «Түркістан - Түркі әлемінің бесігі» атты саммитке қатысуда. Үш күнге созылатын келелі жиынға Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан 200-ге жуық делегат қатысуда. Киелі шаһарға келген қонақтар бүгін қаланы аралады.

Түркітілдес халықтарының белсенді жастары алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасап, «Әзірет сұлтанның» жер асты мешітіне тәу етті. Сонымен қатар, шаһардың ең көне орны саналатын Күлтөбе қалашығына барып, қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді тамашалды. Қонақтардың дені Түркістан қаласын көруді көптен бері армандағанын айтады.

Октай Махшер, Түркия жастар ісі және спорт министрлігі жастар ісі бойынша департаментінің бөлім меңгерушісі:
Түркістан – барша түркітілдес халықтардың рухани астанасы. Енді осы шаһарда түркі жастарының ынтымақтасты артырып жатқаны - түркі тілдес халықтар үшін баға жетпес байлық. Сондықтан осындай бастама көтергені үшін Қазақстанға алғысымызды білдіреміз.

Жастар саммиті түркітілдес халықтарының көшбасшылары мен белсенділері арасында өзара ынтымақтастықты арттыру мен ортақ тарих пен мәдениетті насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Түрлі ұлттың дәстүрі мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Олжас Төлеген, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері бойынша комитетінің бас сарапшысы:
Алты мемлекеттің жастар ұйымдары өзара қарым-қатынасты дамыту жөніндегі меморандумдарға қол қоятын болады. Сондай-ақ, бірқатар маңызды семинар-тренингтер өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық жастарға басқа елдердегі замандастарымен тәжірибе алмасуға және пікір алмасуға зор мүмкіндік.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ұйымдастырылған шара үш күнге жоспарланған. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 31-ші наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласы «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жарияланған болатын. 

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу