Қазақстандық вакцинаны салдырғандар үш елге ПТР тестілеусіз бара алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық вакцинаны салдырғандар үш елге ПТР тестілеусіз бара алады

16.06.2021

Қазақстандық вакцинаны салдырғандар Тайланд, Венгрия және Моңғолия елдеріне емін-еркін баруға мүмкіндік алмақ. Себебі осы үш елмен қазір вакцинация паспортын мойындау мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Дәл қазір бізбен байланыста тұрған Раушан Сайлауқызы толығырақ түсіндірсін.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Осы аталған үш ел Қазақстанға өтініш жасаған екен. Қазір бұл мәселе сыртқы істер министрлігі тарапынан пысықталып жатыр. Бұған қоса, Түркия мен Кипрде барлық елдің вакцинасын мойындайтынын айтқан. Сондықтан жазғы уақытта екпе салдырғандарға кедергі азаймақ. Екпе демекші, Қазақстанда үш түрлі вакцина қолжетімді еді. Бұл тізімге жаңадан Қытайдың коронавак екпесі қосылып, 500 мың доза елге жеткізілді. Вакцинаны 15000 адам алып үлгерді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бүгінгі күні вакцинаның 2 млн 600 мыңға жуық адам егілді, бұл халықтың 26%-ы. Екінші компонентпен 1 жарым млн-ға жуық адам қамтылды. Екпе қоры барлық өңірде жеткілікті. Ал QazVac вакцинасы – бұл Қазақстан үшін үлкен прогресс екенін тағы айтқым келеді. Жеке өзім осы вакцинаны алдым және өзімді өте жақсы сезінемін. Отандық вакцинаның бірінші дозасын шамамен 41 мың адам, екінші дозасымен 22 мың адам қамтылды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ashyq қосымшасы арқылы қызыл және сары мәртебесі бар 8 884 келуші анықталған. Яғни, кейбір азаматтар өздерінің мәртебесін біле отырып, үйде оқшаулау режимін сақтамауды жалғастыруда. Бұдан былай оларға жаза қатаң. Егер азамат өзін-өзі оқшауламаса, айналасындағыларға жұқтыру қаупін тудырса, оған 87 510 теңге әкімшілік айыппұл салынбақ. Жалпы, елдегі эпидемиологиялық жағдайды айтар болсақ, Мамыр айынан бастап елдегі эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарды. Өткен аймен салыстырғанда ауруды жұқтыру көрсеткіші 1,7 есе азайды. Республика бойынша инфекциялық төсектердің толымдылығы 23%. Еліміз он күн бойы жасыл аймақта тұр. Дегенмен, былтыр дәл осы уақытта вирус кең таралып, жағдайдың ушыққанын білеміз. Сондықтан мамандар былтырғы жағдай қайталанбас үшін босаңсуға болмайтынын ескертті.

 Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу