Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр

28.02.2022

Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі, Польша, Молдова, Беларусь пен Ресейдегі дипломатиялық мекемелер де қазақстандықтарды елге қайтару бойынша жұмыстарды жеделдетеді.

Украина мен Польша арасында жасалған уағдаластықтар аясында Қазақстанның 80 азаматы визасыз және ПТР тестілеусіз шекарадан өтті. Олар эвакуациялық рейсті Катовице қаласында күтеді. Бұған қоса, 260 отандасымыз қазақстандық дипломаттармен бірге Украина - Польша шекарасында тұр. Киевтегі Қазақстан Елшілігі күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Елге оралғысы келетін 631 адамнан өтініш түсті.

Смаил Әбибулла, Қазақстан азаматы:

Польшадағы елшіліктің қызметкерлері күтіп алды. Сол жердегі Почетный консулдық өзі күтіп алды. Польшаға кіру, виза мәселесін де шешіп берді, ешқандай қиындық болмады. Төлқұжатты тексерді. Осылай Польшаға келді. Катовице қаласында отельге орналастырды. Жағдаймызды жасап жатыр.

Дәулет, Қазақстан азаматы:

21 ақпанда ауыл шаруашылығы конференциясына келген болатынбыз. Жағдай күрделенген тұста бізге Львов қаласына жету керек болды. Әуе қатынасы жоқ. Пойызға билеттер сатылып кеткен. Жол кептелісі болды. Ақырында Киевтің сыртына шығу үшін 15 шақырым жаяу жүрдік. Жолда әскери техникалар көп. Львовқа келген соң, Құрметті консулдыққа хабарластық. Польша шекарасында 10 шақырымдай кезек болды. Бірақ консулдықтың көмегімен барлық қиындықты еңсердік. Бізді ыстық тамақпен, жататын орынмен қамтамасыз етті. Рейсіміз келген соң, Қазақстанға ұшамыз.

Қазақстандықтарды елге тасымалдау рейстері әлі де ұйымдастырылады. Украинадағы әскери жағдай қазір шекараға жету үшін қиындық тудырып отыр. Жолда кептеліс көп. Тиісті органдар Елшілікпен және Құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұрап отыр. Барлық азаматқа тиісті көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Украина аумағында қалған жүк тасушылардың жүргізушілерін елге қайтару бойынша жұмыстарды пысықтап жатыр. Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, қазір Харьковта оқитын қазақстандық 40 студентті Львов қаласына жеткізу амалдары қарастырылып жатыр. Айта кетерлігі, бүгін Украинадан елімізге алғашқы рейс келеді.


Хабарламаларға жазылу