Зеренді ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зеренді ауданында төтенше жағдай жарияланды

08.06.2021

Ақмола облысының Зеренді ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өңірдегі бірнеше ауыл апталап жарықсыз отыр. Электр қуатымен қамтамасыз ететін мекемелер болса, бір-бірімен соттасып әлек.Мәселе жуық арада шешілмесе, 40-қу тарта елдімекен мүлдем жарықсыз қалуы мүмкін. Әріптесім Ермек Елберген тарқатсын.

Ермек Елберген, тілші:
Зеренді ауданының оңтүстік бөлігіндегі елді мекендердің көбінде осындай жағдай: бағаналар ескірген, сымдардың да әбден тозығы жеткен. Сондықтан ауа райы қолайсыз болып, қатты жел тұрса, елді мекендер жарықсыз қалады.

Солардың бірі - Үлгілі ауылы. Қатты жел соқса немесе күн күркіреп,найзағай түссе, жарық өшіп қалады, - дейді тұрғындар.Айтуларынша, қыста тіпті қиын. Бірнеше күн жарықсыз отыруға тура келеді, өйткені жол болмағандықтан электр сымдарын жөндеу ұзаққа созылады.

Жолдыбек Жұмабаев, Үлгілі ауылының тұрғыны:
Бір столба құлаған, сол бір жұмадай свет болмады ауылда. Сол енді, ол барлығы линияның ескіруі дейді, көріп тұрсыздар ғой, әне, қисайып тұр. 

Дороговка ауылындағы жұрттың көрген күні де сол. Елдімекендегі ондаған үй өткен аптада 4 күн бойы жарықсыз отырған. Себебі желілер әбден тозған. Ауданның оңтүстік бөлігіндегі бағандар мен сымдар 40 жыл бойы жаңартылмаған.

Петр Хрипко, Дороговка ауылының тұрғыны:
Азық-түлік бұзыла бастады. Сондықтан біз шу шығардық. Әлеуметтік желілерге жаздық. Әйтпесе, мекемелер бір-біріне сілтей береді. Электр энергиясы үшін үздіксіз, уақытылы төлейміз. Сонда біз неге жарық қашан сөніп қалады деп әрдайым алаңдап отыруымыз керек.

Зеренді ауданының оңтүстік бөлігіндегі электр желілері жекенің меншігінде. Ал оны таратушы өзге компания. Екі заңды тұлға арасында 17 жыл бұрын басталған сот процестері әлі жалғасуда. Сондықтан желілерді жаңалауға ешкім қаржы салғысы келмейді. Мәселені шешуге әкімдік араласты.

Әсен Жақсылықов, Зеренді ауданының әкімі:
Облыстық деңгейде жауапты мекемелердің, екі жеке компанияның қатысуымен комиссия құрылады. Мәселе өте өзекті. Қазіргі уақытта Зеренді ауданында күн тәртібінде тұрған бірінші сұрақ. Сондықтан жақын арада ортақ шешімге келеміз деген ойдамын.

Бүгінде ауданда төтенше жағдай жарияланған. Бұл жергілікті бюджеттен желілерді жөндеуге қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Десе де, мәселені түбегейлі шешу үшін екі компанияның мәмілеге келгені қажет. Желілер толық жаңартылмаса, 40-қа тарта ауыл жарықсыз қалуы мүмкін.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу