Күні кеше Түркістан облысының құрамына енген Бағыс және Хиебон ауылдарында қызу жұмыс басталды. Қос мемлекеттің үкімет басшылары маңызды құжатқа қол қойғасын, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан елдімекендердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілмек. Мәртебесін айқындаған елдімекен тұрғындарын алда қандай өзгерістер күтіп тұр? Тілшіміз тарқатады.
Шекара айқындалған кезде шетте қалып қойған Бағыс тұрғындары жылдар бойғы мәселенің шешілгеніне қуанышты. Ауылда қазір тірлік қайнаған. Көп ұзамай елдімекенге көгілдір отын жеткізілмек. Одан кейін тұрғындардың жер учаскелерін қайта рәсімдеу мен отбасы мүшелерінің құжаттарын тіркеу секілді маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі.
Ғабидолла Құсайынов, Бағыс ауылының тұрғыны:
Табиғи газдар да үйме-үй кірілмеген еді. Олар да үйме-үй кіргізіліп, бүгін мінекей мамандар келіп, үйме-үй жағалап өтініштерін алып, газ кіргізу мәселесін 1 шілдеге дейін мерзім берілген. 1 шілдеден бастап газ жағуға әрекет жасап жатырмыз.
Ал бұл Хиебон ауылы. Атауы бөлек аймақты енді Ақниет деп алмастырудың қамы басталды. Небәрі 23 отбасы қоныстанған округте атқарылуы тиіс шаруа көп. Шекараға жапсарлас салынған үйлердің ең өзекті проблемасы жер учаскесін заңдастыру.
Ырысты Ахметова, Хиебон ауылының тұрғыны:
Әсіресе дәрігерге барғанда қиналамыз. Әрқайсысымыз әркімнің үйінде учеттамыз.
Файзырахман Якубов, Хиебон ауылының тұрғыны:
Бұрын әрқайсысымыз әр жерде тұратынбыз. Ерлі-зайыптылар бір үйде тұрғанымен екеуі екі жерде пропискада. Енді мысалыға жастар бар 5 баласы бар. 7 баласы барларда бар. Оның 7 баласы 7 жерде. Әкім бір жерге қоймайды. Себебі сыймайды - дейді.
Жергілікті әкімдік болса, құжаттарға байланысты бар мәселені шешуге уақыт керек дейді. Дегенмен қазір тұрғын үйлерді аралап, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталып кетті.
Шекарадағы Сарыағаш ауданының аумағы осылайша екі ауылға кеңейді. Бағыс ауылының 750 гектар жері енді Ақжар ауылдық округіне өтсе, 46 гектарға жуық жері бар Хиебон ауылы Құркелес ауылы әкімдігіне қарасты болды.
Дарын Сағитов, Айнұр Ақбаева