Тараздағы жарылыстан 3 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы жарылыстан 3 адам қаза тапты

27.02.2019

Таразда көпқабатты тұрғын үйде жойқын жарылыс болып, үш адам қаза тапты. Түрлі дене жарақатын алған 6 адам ауруханаға түскен. Оның екеуінің халі ауыр, бір балаға ота жасалды. Әзірге апаттың неден болғаны белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ құбырындағы ақаудан болған. Осы оқыс жағдайға қатысты үкіметтік комиссия құрылып, тексеру жүріп жатыр.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Жарылыс таңғы сағат 6:21 шамасында №9 мөлтекаудандағы 62-ші көпқабатты үйде болған. Жарылыс 4-кіреберістің бірінші қабатынан 3-қабатына дейін шарпыған.

Дүмпуден бетондар мен терезе торлары ұшып, қарсы беттегі үйлерді зақымдаған. Ал, мына қирандылардың арасынан 9 адамды алып шыққан. Үш адам үйінділердің астына қалып, жазым болды.

Аңсар Дәулетов, оқиға куәгері:

- Жарылыс қатты болды. Дыбыс қатты шықты, шошып оянып кеттік. Біз шықтық, көмекке шақырып жатты бәрін.

Түрлі дене жарақатын алған 6 тұрғын ауруханаға жеткізілген. Оның екеуінің жағдайы ауыр. Біреуі күйік бөлімінде жатса, 14 жастағы жасөспірімнің басына қатты зақым келген.

Азат Сатжанов, Жамбыл облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

- 15 жастағы бала келіп түсті. Бала ауыр жағдайда. Ашық бас ми жарақаты бар. Балаға консилиум жасалып, қазіргі таңда ота жүргізіліп жатыр.

Оқыс жағдайдың нақты неден болғаны әзірге беймәлім. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа газ құбырындағы ақау себеп. Қазір бұл оқиғаның жай-жапсарын мамандар анықтап жатыр. Ал, төтенше жағдайға қатысты арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жапа шеккендердің жайымен танысуға Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек арнайы келді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Көмек көрсетіледі. Басқа кісілерге тұратын жер беріледі. Кешке дейін бәрі орналастырылады. Мына кісілердің көбі туыстарына кетті. Басқалары дайын үй бар, сонда баратын болады.

Қазір арнайы штаб құрылып, жапа шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр. Әзірге олар жақын маңдағы мектепге жайғастырылған. Оларға қажетті медициналық, психологиялық көмек көрсетілуде.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу