Қазақстанның бірнеше облысында дүлей дауыл соқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның бірнеше облысында дүлей дауыл соқты

19.05.2021

Павлодар облысында бірнеше елдімекен аумағында шаңды дауыл соқты. 

Қатты желден Павлодар-Нұрсұлтан магистралі бойында тұрған жанар-жағармай бекетінің шатырын ұшырып әкетті. Төбеден ұшқан темір бағаналар автобан бойына түсіп, көлік жүргізушілеріне қиындық тудырған. Дегенмен, төтенше жағдай қызметінің құтқару бөліміне ешқандай шақырту түспеген. Шаңды дауыл Железинка ауданына қарасты, Қаратай және Жалаулы елдімекендерінің аумағында тіркелді. Зардап шеккендер жоқ. 

Кеше еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде жойқын дауыл соқты. Кей аудандарда желдің бағыты секундына 33 метрге дейін жетті.

Дүлей дауыл кезінде түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Құйынның кесірінен Ақмола облысы Зеренді ауданындағы әуежай аумағында орналасқан қонақүйдің шатыры ұшып кетті. Солтүстік Қазақстан облысында да Тайынша мен Ақжар аудандарында ауылдық округ әкімдігі, бірнеше мектеп пен спорт залы сынды бес нысан төбе жабындысыз қалды.

Рүстем Жұмағалиев, ТЖД басқармасының бастығы:  
Қазір арнайы комиссия зерттеу жүргізіп жатыр. Шығын көлемі есептеліп, ғимараттар қалпына келтіріледі. Ақжар және Уәлиханов аудандарында электр сымдары үзіліп, жарықты уақытша өшіруге тура келді. Жапа шеккен адамдар мен жануарлар жоқ.

Қатты жел Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласындағы Техникалық колледждің де шатырын ұшырып кетті. Бүгін де төтенше жағдай қызметі еліміздің кей өңірлерінде дауылды ескерту жариялады.

 Болат Аманбаев, Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу