Павлодарда ірі нан комбинаты жабылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда ірі нан комбинаты жабылып қалды

17.05.2021

Павлодарда 60 жылдан бері нан пісіріп келе жатқан комбинат жабылып қалды. Кәсіпорын 23 түрлі өнім, соның ішінде «Тау нан» деп аталатын көпшілік тұтынатын бағасы арзан нанды шығаратын. Тұтас өңірді ас атасымен қамтып отырған өндіріс тоқтаған соң 100-ден аса адам жұмыссыз қалды. 

Алдағы екі күнде «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» өз жұмысшылармен біржолата есеп айырыспақ. Сәуле Сағындыққызы кәсіпорынның қамыр илейтін цехында 11 жыл еңбек етті. Зейнет жасына екі жыл қалғанда жұмыссыз қалғанына налиды.

Сәуле Шапықова,  наубайшы:
Бүгін еңбеккітапшамды алуға келдім. Енді іздейміз, қайда шақырады, қайда алады. Жасымыз да келіп қалды.

Облыс халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған негізгі монополист ішкі сұраныстың 30 пайызын жабады. Бір ауысымда ғана 5 тоннаға дейін өнім шығарып келді. Ең бастысы әлеуметтік бағалар тізіміндегі «Тау нан» осында ғана пісірілетін.

Александр Шевалье,    жұмысшы:
Қала маңындағы ауылдар нансыз қалды. Көбі «тау нанды» сұрататын. Біздің өнімді Омбыға да әкетеді. Комбинат иелері кіріс жоқ дейді. Олай болуы мүмкін емес.

Жұмысшылар ғана емес, комбинат басшылығы да өз еріктерімен жұмыстан шығуға өтініш жазыпты. Пандемия басталғалы ұжымның 40 пайызы қысқартуға ілікті. Өнімділік 60 пайызға төмендеді -дейді экс директор.

Виталий Сартаков, «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» директорының міндетін атқарушы:
Ұн қымбаттап кетті. Шығын өте көп. Комбинат әбден ескірді. Құрал-жабдықтар тозып тұр. Кірістен гөрі шығын көбейіп кетті. Менде жұмыстан шығуға өтінішімді беріп қойдым.

Ал, ресми органдар комбинаттың жабылатындығынан мүлдем хабарсыз болып шықты.

Дәурен Қабдушев, Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
Комбинат тарапынан жұмысшыларды босату, кәсіпіорынды жабу жөнінде ешбір мемлекеттік органға ресми хабарлама түскен жоқ. Олар заң бойынша кемінде бір ай бұрын ескерту жасауға тиіс еді. Әрине бұл үлкен мәселе.

Нарықтағы басты бәсекелестен құтылған ұсақ наубайханалар енді нан бағасын қымбаттатуы мүмкін. Оның үстіне аймақтағы бидай қоры да түгесілуге жақын.

Болат Аманбаев 

Хабарламаларға жазылу