Сырдарияның алабындағы ең ірі көлге су жетпей, аңқасы кеуіп, құрып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдарияның алабындағы ең ірі көлге су жетпей, аңқасы кеуіп, құрып барады

02.05.2021

Сырдария тартылған үстіне тартылып барады. Су тапшылығы әрине, аймақтың онсыз да мәз емес эко-жүйесіне де, ауыл шаруашылығына да кері әсер етеді. Өзен суы көлдерге де жетпей жатыр. Облыстағы ең үлкен Қамбаш көлі жағалаудан 500 метрге дейін алыстап кеткен. Ал биыл құрғақшылық болатынын министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев өткенде түркістандық мақташылармен кездескенде айтқан. Негізі қызылордалық күрішшілер судан былтыр да қиналған. Өткен күзде облыс әкімі Г.Әбдіқалықова күнде таңертеңгі жұмысы осы мәселе болғанын бізге берген сұхбатында айтқан.

Мәселе ушыға берсе, қалай болады. Сыр-ананың тартылғанын ойлаудың өзі шошытады... Бұл жолы меншікті тілшіміз Әділбек Серікұлы жылдан-жылға жоғалып жатқан көлдер туралы материал жасады.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Бұл жер сахараның шөлі емес. Кезінде айдынында балығы тулап, шағаласы шулаған бұрынғы Қамбаш көлінің табаны. Соңғы үш жылда Сырдарияның алабындағы ең ірі көлге су жетпей, аңқасы кеуіп, құрып барады. 

Суы шипалы, табиғаты ерекше алып көл бұрынғы жағалауынан қазір 600 метрге дейін тартылып қалған. Ұшы-қиыры көрінбейтін үлкен айдынның суы бірнеше бөлікке ыдырап, ұсақталып барады. Көлмен бірге маңындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі де тарылып, тұрғындардың жағдайы қиындай түскен.

Нұрділдә Алтауов, Қамыстыбас ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Экологиялық жағдай өте нашарлап бара жатыр. Мына су деген өте ашып кетті. Малдардың өзі су ішпейді. Өйткені, ащы. Мына біздің жер дауылды, жауыны жоқ жер. Құм суырады. Ауылды шаң басады. Онсыз да Аралдың шаңы жетіп жатыр ғой өздеріңіз білесіздер.

Қамбаш туризмнің төріне айналып еді. Жыл сайын көлге алыс-жақыннан 100 мыңға жуық адам келіп, суға шомылып жағалауында демалатын. Ал Қамыстыбас ауылының тұрғындары демалушыларға сервистік қызмет көрсетіп, осы жерден нәпақасын тауып келді. Бірақ, су кеткелі кәсіпкерлердің жұмысы тоқтады. Жағалаудан салынған 30-ға жуық нысан үш жыл болды қаңырап тұр.

Құралай Жақыпова, ауыл тұрғыны, кәсіпкер:
Қаншама қаражытымызды құйып, осындай үйлер салып, адамдарға жағдай жасап демалыс орындарын аштық. Енді мынадай жағдай болып тұрған көлге ешқандай демалушы келмейді. Кешке қарай өздеріңз келсеңіздер тыныстау да мүмкін емес болып бара жатыр. Көлден сасыған ауаның бөлінуі ауыл халқының тұрғындарына үлкен зиянын тигізіп отыр.

Бұрын көлдің айналасы қалың қамыс болатын. Мұндағы жұрт содан малына азық жинап келді. Соңғы жылдары айналада төрт-түлікке беретін шөп те қалмады дейді қиналған қараша. Құрғашылықтан жер сорланып, экологиялық ахуал күрделенді. Тіпті, тұрып қалған көл тұзданып, суда тіршілік атаулы құрып барады.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Мына Қосжар ауылы балық шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл. Қамбаш көлі тартылғалы балықшылардың тіршілігі тұралап қалды. Таңнын атысы, күннің батысы көлдің ортасында жүретін мына қайықтар қазір тізіліп жағалауда бос тұр. Себебі, көлде аулайтын балық жоқтың қасы. 

Қылышбек Байбосынов Қосжар ауылындағы балық өсіру тоғанында 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жылына 15 миллионға жуық шабақ өсіретін шаруашылықтың тағдыры қазір қыл үстінде тұр. Өйткені, тоғанға су жеткізу қиынға соғып отыр. Бүгінде 300 метр жерден құбыр арқылы су тартуда. Жазды күні көл әлі де 500 метрге дейін алыстап кетуі мүмкін. Ал ауылдағы жұмыссыз қалған балықшылардың бәрі қазір Кіші Арал теңізіне кетті дейді ол.

Қылышбек Байбосынов Қамыстыбас БАЛЫҚ тоғанының бригадирі:
Су болса балық болады. Балық болса тіршілік болады. Бұл қайықтың бәрі су болса көлдің үстінде жүрер еді. Қазір бәрі теңіз қуып, жан-жақа кетті. Балықшылар балық іздеп теңізге кетті осы тұрғанда. Ал бұл көлде балық қалған жоқ. Бұрын енді теңіз тартылып кеткен уақытта елдің бәрі көшкен жоқпа жан-жақа. Сондай жағдай болама деп қорқамыз, алаңдаймыз.

Жалпы Сырдария Аралға сарқылып әрең жетеді. Соның салдарынан Тоқбай, Тасарық, Қаязды секілді шағын көлдер бүгінде кеуіп қалған. Енді «Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесін сақтап қалу үшін дарияны бөгейтін тоспа салудың маңызы зор» дейді эколог Сайлаубай Жұбатыров.

Сайлаубай Жұбатыров эколог-жазушы:
Аман өткелдегі тоспаның салынуы күн тәртібіне өткір қойылуы керек. Әзір тек жоба. Енді осыны тездетіп жүзеге асыру керек. Өйткені Қамбаштан айрылып қалу бізге өкінішті болуы мүмкін. Дарияда аздап қана су бар. Сол су Қамбашты демеуге келеді қазір. Ақшатауды демеуге келеді.

Өткенге көз жүгіртсек, жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінде 3 мыңнан астам ірілі-ұсақты көл болған. Содан бері сақталып қалғаны 200-дей ғана. Соның ішінде, небәрі 55 айдында балық шаруашылығы қолға алынып отыр. Қалғанының жәй-күйі белгісіз. Жалпы соңғы жылдардың бедерінде мамандар 17 көлдің аңқасы кеуіп қалғанын айтады. Егер дария деңгейі көтерілмесе аймақтың күлдер жүйесі үлкен апатқа ұшырауы мүмкін.

Айдос Асанбаев, «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы: 
Осындай су тапшылығында алдағы 5-6 жыл осындай жағдай өзгермейтін болса судың аздығы осылай тұратын болса онда бірнеше көлдер құрғап кетуі мүмкін. Өйткені оған екі-үш жылдап суармаса ол өзінің табанындағы су буланып кеуіп кетеді.

Жалпы трансшекаралық өзеннің су бөлу саясаты сонау Кеңес Үкіметі кезінде белгіленген. Қазір ол құжаттың заңды күші сақталып тұр дей алмаймыз. Сондықтан, әр ел Сырдарияның суын өз қалағанынша емес, мемлекетаралық деңгейде қайта қарап, теңдей бөлуі керек дейді мамандар.

Сайлаубай Жұбатыров, эколог-жазушы:
Жоғарыдағы мен өзім би, өзім қожа деген саясатпен көршілеріміз ала берсе, төменге тамшы су да келмейді. Су саясаты бәрі мемлекетаралық мәселенің шешуіміен ғана жүзеге асатын нәрсе. Мониторинг жүргізіп отырғаннан кейін жоғарыдағының, төмендегінің үлесі су көп жылы көп болады, су аз жылы аз болады оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ, таза тек ғылыми мониторингпен жүргізіліп отыратын заңдылық, тор керек бізге.

Арал экологиясын еңсеру Сыр халқы үшін оңай болған жоқ. Әлі де зардабын тартып келеді. Енді құрғақшылықтан өңірдің көлдер жүйесі бұзылса, орны толмас апатқа әкелуі мүмкін.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу