Еліміздің басым бөлігінде күн күрт суытады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің басым бөлігінде күн күрт суытады

19.04.2021

Еліміздің солтүстік өңірлерінде күн күрт суып, жұртты әбігерге салып жатыр. Табиғаттың тосын мінезі әсіресе жүргізушілерге қиын тиді. Қармен көктайғақ кесірінен көлік қозғалысы қиындаған.

Бұл Нұр-Сұлтан-Қарағанды бағытындағы жол. Дәл осындай жағдай бүгін солтүстік өңірдегі бірнеше облыста болды. Ал «Қазгидромет» болса, күн райының бұзуылуына орай, дабылды ескерту жариялады. Болжам бойынша еліміздің басым бөлігінде алдағы күндері жауын-шашын, ал солтүстік өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, көк тайғақ болады. Әрі секундына 20-25 метрге дейін жел соғып, найзағай ойнайды.

Ал Қостанай облысында мұз көшкіні жүрді.

Алматы-Екатеринбург тас жолының жарты шақырымдай бөлігін биіктігі 5 метрге жететін мұз басып қалған. Қатпар – қатпар мұздың жол үстіне шығып кетуіне қатты соққан жел мен ағын су себеп болған. «ҚазАвтоЖол» мамандары хабар жеткен бетте жедел қимылдап жолды аршуға кіріскен. Қазір жеңіл көліктер жүріп жатыр. Желдің күші бәсеңдегендіктен мұздың жылжуы да тоқтаған.

Бүгін Шығыс Қазақстанда қар жауды. Кейбір аудандарда қалың тұман түсіп, бұрқасын соқты. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетті. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, Шығыста алдағы күндері де ауа райы құбылмалы болады.

Динара Жиембаева, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының синоптигі:
Алдағы үш күнде тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр, қар жауады. Таулы аймақтарда тұман, бұрқасын күтілуде. Ауа температурасы түнде 13 градусқа дейін төмендейді.

Синоптиктер Алматы, Жамбыл облысындарында да күн суытады деп отыр. Суық ауа райына Скандинавия түбегінен келетін антициклон себеп дейді олар.

Оңғар Алпысбайұлы, Дәуренбек Әбдібек, Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу