Ковидке қарсы қазақстандық вакцинаның иммундық күші ұзаққа жетеді. Ғалымдар антидене қалыптастыруда екпенің емдік қасиеті жақсы көрсеткішке ие деп отыр. Қазір клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі 50 пайызға аяқталды. Мамандар зерттеу жұмысының алдын-ала нәтижесімен бөлісті.
Қазір бар үміт ғалымдарда. Олар дүниені дүрліктірген індеттен қорғанудың «қалқанын» іздеп жатыр. Қатарында біздің өндірушілердің қадамы қарышты. Вирусқа қарсы сауыт ретінде QazVac вакцинасын шығарды. Соңғы кезеңі сыналуда. 3 мың ерікті екпені қабылдады. Антиденелері пайда болып үлгерген. Жағдайлары жақсы.
Күнсұлу Закарья, ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
Қазақстандық вакцина туралы толық ақпаратты клиникалық зерттеудің үшінші фазасы аяқталғаннан кейін айта аламыз. Дегенмен ең басында ғалымдардың өзі вакцина салдырған уақыттан бері тоғыз ай өтті. Сол уақыт аралығында иммундық жауап жоғары болып тұр.
Яғни, ерікті вакцинаны алғаш қабылдағанда 128-ге дейін, екінші дозасын салдырғанда антидене 2000-нан асқан. Демек, вирусты жолатпайтын иммунитет қалыптасады. QazVac-тың тағы бір артықшылығы – індеттің мутацияланған кез келген штамына қарсы тұра алады.
Сонымен, үшінші кезеңдегі клиникалық зерттеулердің 50%-ы ертең аяқталады. Осы аралықта жан-жақты сыналды. Құрамындағы барлық компонеттері 60 жыл бойы зерттелген. Тек оған Ковидпен ауырған адамның вирусы қосылған. Ғалымдар екпе қауіп төндірмейтінін, ілеспе ауруларды қоздырмайтынын айтты. Осы айдың соңында QazVac вакцинасының 50 мың дозасы шығарылады. Бірақ, қатерлі індет жануарларға да жұғатыны белгілі. Әрі олар адамдарға тасымалдайды. Сондықтан, қазақстандық ғалымдар мұны да қатар зерттеуде.
Мирас Дәуленов, ҚР білім және ғылым вице-министрі:
Олардың адамдарға ауру жұқтырмауы үшін осындай вакцина қажет. Сондықтан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты коронавирусқа қарсы вакцинаның жануарларға арналған түрін әзірлеуді жоспарлап отыр.
Індеттен «қорған» іздеп жатқан ғалымдарға мемлекет те қолдау жасайды. Олардың жалақысы көтеріледі, баспана беріледі.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Ғалымдардың еңбекақысын көтеруге қаражат бөлініп те қойды. Енді институттағы ғылыми қызметкерлердің орташа жалақысы 325 мың, ал әкімшілік және қызмет көрсететіндердің жалақысы 250 мың теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, институт жанында қызметкерлерге арналған үш үй салынып жатыр.
Асима Нұрбайқызы