Көпшілік вакциналаудың маңыздылығын толық түсінбей жатыр - Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпшілік вакциналаудың маңыздылығын толық түсінбей жатыр - Тоқаев

09.04.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордаға жұмыс сапарымен келген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Қазақстан мен Ресей – одақтас әрі стратегиялық серіктес. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға вакцинаның қосымша бөлігін жіберу мәселесіне қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар, ғарыш саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз пандемияға қарсы бірлескен күресте түсіністік танытып, көмек көрсеткені үшін Ресей басшылығына, Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымызды білдіреміз. 23 наурызда сөйлескен кезде Ресейден қосымша 4 миллион мөлшерде вакцина алу жөнінде мәселе көтердім. Менің өтінішімді түсіністікпен қабылдады. Жақында ғана мен өзім де Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Қазір жұрттың көпшілігі бұл шараның маңыздылығын толық түсінбей жатыр. Әрине, біз вакцинаны тегін саламыз. Сондықтан мен өзім де вакцина егуден басқа жол жоқ екенін үнемі айтып келемін. 

Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:
Біздің қарым-қатынастарымыз өте жақсы. Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша премьер-министрлер екі рет кездесті, вице-премьерлер одан да жиі байланыс жасап тұрады. Қарым-қатынастар пандемия кезінде де үзілген жоқ. Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – біздің ғарышты бейбіт игеруге қосқан ортақ үлесіміз. Байқоңырдағы біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі өркендету және Қазақстанның ғарыштық әлеуетін дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарымыз қарқынды жүріп жатыр. 

Асима Нұрбайқызы



вакцина ақорда

Хабарламаларға жазылу